20.05.2026, 23:00
Оқылды: 7

Шыңғырлауда руханият саласының өкілдеріне құрмет көрсетілді

Бүгін  «Дән» ауылдық мәдениет үйінде Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Мәдениетім – мәртебем» атты салтанатты мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Руханият пен өнер саласының өкілдерін ұлықтаған мерекелік кешке аудан әкімінің  орынбасары Миржан  Жанғазұлы Нұртазиев, мәдениет саласының ардагерлері, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлері, өнерпаздар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

image-20-05-26-08-02

Шара шымылдығы мәдениет саласының тыныс-тіршілігін, аудан өнерпаздарының жетістіктерін насихаттайтын арнайы бейнероликпен ашылып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады. Одан кейін жүргізушілер мәдениет пен өнердің қоғамдағы орнына тоқталып, рухани құндылықтарды дәріптеп жүрген сала мамандарына алғыс білдірді.

image-20-05-26-08-03

Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Миржан Жанғазұлы  мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы рөліне ерекшетоқталды.

– «Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдігіміздің айнасы. Халықтың болмысы мен тарихы, салт-дәстүрі мен өнері ең алдымен мәдениет арқылы танылады. Ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына өнер мен руханияттың дәнін сеуіп келеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың мәдени өмірі жанданып, өнер ұжымдары түрлі байқауларда биік белестерді бағындыруда. Бүгінгі мереке  сол адал еңбектің жемісі мен ел ықыласының көрінісі», – деді өз сөзінде.

Сондай-ақ ол аудан мәдениетінің жылдан-жылға дамып келе жатқанын, ауылдық мәдениет үйлерінің жұмысы жанданып, ұлттық өнерді дәріптеуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Бүгінде аудан көлемінде мәдени-көпшілік шаралар тұрақты өткізіліп, халықтық ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдардың жұмысы нәтижелі жалғасуда.

image-20-05-26-08-03

Мерекелік кеш барысында мәдениет саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен қызметкерлер мен ардагерлерге түрлі деңгейдегі марапаттар табысталды. Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісі аудандық мәдени-демалыс орталығының шаруашылық меңгерушісі Күлаш Асанқызы Урынгалиеваға берілді. Сонымен қатар облыс әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының, облыстық мәдениет басқармасы, аудан әкімі және бөлім басшылығы атынан алғысхаттар тапсырылды.

Марапат иелері қатарында мәдениет үйлерінің директорлары, музыкалық жетекшілер, клуб меңгерушілері, техникалық қызметкерлер мен сала ардагерлері болды. Бұл– мәдениет саласының тек сахнадағы өнерпаздар ғана емес, осы саланың дамуына үлес қосып жүрген барлық мамандардың еңбегі еленгенінің айқын көрінісі.

Аудан мәдениетінің дамуында ауылдық мәдениет үйлерімен клубтардың орны ерекше. Бүгінде аудан бойынша мәдениет ошақтарында түрлі үйірмелер жұмыс жасап, жас таланттардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берілуде. Халықтық өнер ұжымдары ұлттық дәстүр мен қазақы өнерді дәріптеп, аудан мерейін облыстық, республикалық байқауларда асқақтатып келеді.

image-20-05-26-08-03

Кеш барысында халықтық «Сұлтанғалиевтар» отбасылық ансамблі мен аудан өнерпаздарының ән шашуы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мәдениет – қоғамның рухани өзегі. Ел ішіндегі бірлік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуде мәдениетқызметкерлерінің еңбегі қашанда ерекше. Осы ретте ұйымдастырылған «Мәдениетім – мәртебем» атты мерекелік шара сала мамандарына көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале