21.05.2026, 11:00
Оқылды: 19

Оралда үздік сарбаздарға білім гранттары табысталды

Орал қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде әскери борышын мінсіз атқарған бес сарбазға «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында мемлекеттік білім гранттары табысталды. Бұл – әскери қызметте жоғары нәтижеге қол жеткізген жас жауынгерлерге көрсетілген үлкен сенім мен қолдаудың айқын көрінісі.

5ee5a6f6-0be2-4f41-ad77-8182f536e4b7

Қорғаныс министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Сарбаз 2.0» жобасы жыл сайын екі мыңнан астам әскери қызметшінің жоғары білім алуына мүмкіндік беріп келеді. Бағдарлама аясында үздік сарбаздар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Грант иегерлерінің бірі – қатардағы жауынгер Асқар Біржан. Әскери қызмет барысында тәртібімен, жауапкершілігімен және белсенділігімен ерекшеленген ол «үздік жауынгер» атағына ие болды. Қазіргі таңда жас сарбаз ҚР Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсуді жоспарлап отыр.

– Әскери қызмет мен үшін шыдамдылық пен тәртіптің, ерік-жігердің үлкен мектебі болды. Елім алдындағы борышымды адал атқаруға тырыстым. Бүгін осындай мүмкіндікке ие болып отырғаныма өте қуаныштымын. Оқуға түсуге дайындалу барысында маған бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен командирлеріме алғысым шексіз, – дейді жас жауынгер.

cca6dc52-68ab-4b7f-86b5-ae726d9d9892

Айта кетейік, «Сарбаз 2.0» жобасы әскери қызметшілердің білім алып, кәсіби дамуына жол ашып қана қоймай, жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етуде.

ҚР Ұлттық ұланы
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале