1.03.2017, 12:39
Оқылды: 51

Оралдық жастар ерекше акция ұйымдастырды

1 наурыз алғыс айту күніне орай облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қаламыздағы теміржол бекетінде арнайы акция ұйымдастырды.


Шарада ұлттық киім киген ұл-қыздар «Алматы-Мәскеу» бағытында жол жүріп келе жатқан жолаушыларды көңілді әуенмен қарсы алып, оларға тәттілерден шашу шашып, ақ сүт пен бауырсақтан дәм татқызды.

–Алғыс айту күнінде қаламызға келген қонақтарымызды жастар болып қарсы алғымыз келді. Бұл пойыз біздің бекетте жарты сағатқа ғана тұрақтайды. Сол уақыт аралығында алыс сапардан келе жатқан жолаушыларға қазақтың қонақжайлылығын паш етіп, олардың көңілін бір серпілтіп алуды көздедік. Біз бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызға шүкір етеміз, қуанышымызбен басқа да ұлт өкілдерімен неге бөліспеске?!,- дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Кенесары Нұршинов.

Жүздеріне күлкі үйірілген ресейлік жолаушылар Орал жастарына алғыстарын жаудырып, естелік суретке түсіп жатты. Солармен бірге Мәскеуге кетіп бара жатқан Мереке Жүнісова ерекше сезімге бөленгенін айтты.

–Мен Ақтөбе қаласының тұрғынымын. Өзім спорттың таэквондо түрімен кәсіби түрде айналысамын. Қазақстан құрама командасының мүшесімін. Ал қазір Алматы қаласында өткен жарыстан жеңімпаз атанып, Ресейдің Мәскеу қаласына кетіп бара жатырмын. Көктемнің алғашқы күнінде бізге тамаша көңіл күй сыйлаған шараның ұйымдастырушыларына ризамын. Шет елде өтетін жарыста кеңпейіл халқымның қолдауын сезінетін боламын, бұл мен үшін зор демеу болды,-дейді жас спортшы.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале