22.05.2026, 15:30
Оқылды: 18

Байланыс мамандары бас қосты

Оралда Байланыс қызметкерлері күніне орай «Telecommunications Day Conference» атты конференция өтті.  Бұл күн – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мен заманауи байланыс қызметтерін ұсынатын мамандардың кәсіби мерекесі. Іс-шараға облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Жалғас Ғұмаров, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникация комитеті басқармасының басшысы Азамат Серіктаев, ірі телекоммуникация операторларының өкілдері мен сала мамандары қатысты.

WhatsApp Image 2026-05-18 at 09.12.09 (1)

– Бүгінгі таңда байланыс саласы мемлекет экономикасы мен қоғамдық өмірінің цифрлық жүйесін қамтамасыз ететін ең маңызды стратегиялық мәселеге айналды. Облыс әкімдігі өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Байланыс желілерін модернизациялау және жасыл технологияны енгізу – өзекті мәселенің бірі. Ақ Жайық өңірінде интернет пен ұялы байланыстың сапасын арттыру, ауылдық жерлерді интернетпен қамту басты назарда. Мұндай конференция алғаш рет өтіп отыр. Іс-шара сіздердің тәжірибе алмасуларыңызға, жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту жолдарын талқылауға тамаша мүмкіндік береді, – деген Жалғас Ахатұлы сала мамандарына мол табыс, шаңырақ шаттығын тіледі.

Бұдан соң мінберге шыққан облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Камашев өңірдегі атқарылып жатқан жұмыс жөнінде баяндады. Мәселен, бүгінде облыстағы 405 елді мекеннің 364-і (90%) интернет желісіне қосылған. Олардың басым бөлігінде 4G, 3G, 2G интернет, сондай-ақ талшықты-оптикалық, спутниктік терминалдар және радиокөпір технологиялары бар.

Серіктаев

– Былтыр Beeline және Kcell операторлары ұялы байланыстың сапасын жақсарту мақсатында 21 ауылға жаңа базалық станса орнатты. Ал 202 ауылдағы қолданыстағы базалық стансалар 4G стандартына дейін жаңартылды.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «...Кейбір шекара және кеден бекетінде сапалы интернет жоқ. Бұл да жұрттың наразылығын туғызады. Осындай келеңсіз жағдайларды тез арада түзетуіміз қажет», – деген еді. Осы ретте 2025 жылы байланыс операторлары Сырым және Тасқала аутокөлік өткізу бекеттерін мобильді интернет желілерімен қамтамасыз етті. Ақсай аутокөлік өткізу пунктіне базалық станса орнату жоспарлануда. Биыл телекоммуникация операторларымен бірлесіп Орал мен Ақсайда, сондай-ақ 10 ауылда жаңа базалық станса орнату және сегіз ауылдағы базалық стансаны жаңарту көзделді. Осы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Beeline мен Kcell операторлары төрт ауылға базалық стансалар орнатты. Байланыс қызметтерінің сапасын бақылау мақсатында биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша аймақаралық байланыс инспекциясы жоспардан тыс 10 тексеру жүргізді. Нәтижесінде байланыс операторларына 25,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Нұрғиса Камашев. Басқарма басшысының айтуынша, ақпарат және байланыс қызметінің инвестициялық көрсеткіші 2025 жылдың желтоқсан айының қорытындысында 7,8 млрд теңге болған. Биылғы қаңтарнаурыз айларында 2,5 млрд теңге инвестиция салынған.

Телекоммуникация комитеті басқармасының басшысы Азамат Серіктаев 2023 жылы бекітілген «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмысты баяндады. «Жобаның мақсаты – қазақстандықтар тұтынатын интернет жылдамдығын 100 Мбит/с-тан асыру. Бүгінде Қазақстанда 6 096 елді мекен бар болса, соның 2 606-сына талшықты-оптикалық байланыс желілері жүргізілді. Елдегі ауылдардың 2 724-іне 3G, 2 182-сіне 4G және 20 қалаға 5G технологиясы қосылды. Ал 1048 елді мекен көп қызметті кеңжолақты деректерді беру мүмкіндігі жоқ желілермен қамтылған. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитіндегі үлесі – 1,5%. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 5%-ға дейін өсіру көзделіп отыр», – деген Азамат Айдынұлы алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.

WhatsApp Image 2026-05-18 at 09.09.51

«Қазақтелеком» АҚ инфрақұрылымды дамыту жөніндегі директоры Данияр Арғымбаевтың айтуынша, 2018 жылдан бері облыстағы байланыс желілерін дамытуға 10 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған. Ал алдағы екі жылда 13 млрд теңгедей қаражат салу көзделіп отыр. Конференцияда сондай-ақ «КаР-Тел» ЖШС, «Ақтөбетранстелеком» АҚ, «JusanMobile» АҚ және басқа да байланыс компанияларының өкілдері өздерінің қызметі жөнінде баян етті. Ал БҚО ПД киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Мұсағалиев интернет алаяқтықтың алдын алу және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде айтты.

Конференция соңында өңірдің байланыс саласын дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар маман облыс әкімі Н. Төреғалиевтің, ҚР ЖИжЦДМ Телекоммуникация комитетінің төрағасы Д. Сейсембековтің және цифрлық даму басқармасының басшысы Н. Камашевтің алғысхаттарымен марапатталды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале