Биылғы 2025-2026 оқу жылында ауданымыздағы 24 мектепте 10 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде мыңнан аса бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басты. Бүгінде аудан мектептерінде 1000-нан астам педагог еңбек етуде.Соңғы жылдары мемлекет тарапынан педагог мәртебесін арттыру бағытында нақты қолдау көрсетіліп келеді. Мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсіп, біліктілік санаты, еңбек өтілі, тәлімгерлік және ғылыми дәрежесі үшін қосымша төлемдер қарастырылған. Ауыл мұғалімдеріне де ерекше қолдау көрсетіліп, олардың жалақысы қала педагогтерінен кемінде 25 пайызға жоғары белгіленген.

Президент бастамасымен барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ата-аналарды педагогикалық қолдау және психологиялық қолдау орталықтары ашылып, тәрбие бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.Тәрбие жұмысын 32 директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 24 мектеп тәлімгері және 600-ден астам сынып жетекшісі үйлестіреді. Аталған мамандар білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына, олардың тұлғалық қалыптасуына және өмірлік құндылықтарының орнығуына бағытталған жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Әсіресе, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында патриоттық тәрбие, адамгершілік құндылықтар, еңбекке баулу және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Жазғы демалыс – маңызды кезең
Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуде. “Биыл аудан бойынша 1-10-сынып аралығындағы 9600-ден астам оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 4200-ден аса оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, 5200-ден аса оқушы пәндік және танымдық алаңдарға қатысады. 1 маусымнан бастап ауданның барлық 24 мектебінде мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастайды. Сонымен қатар Бумакөл ауылындағы аудандық «Жас туристер станциясы» лагері де балаларды қабылдайды. Бұл лагерь 1 маусым мен 18 тамыз аралығында жұмыс жасайды. Мұнда шамамен 240 оқушы жазғы демалыспен қамтылады, ауысым саны – 10, әр ауысым 7 күннен тұрады. Сондай-ақ биыл лагерьдің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді”, - дейді аудандық білім беру бөлімінің осы салаға жауапты мамандары.
Лагерьлерде танымдық іс-шаралар, спорттық жарыстар, робототехника сабақтары, кітап оқу акциялары, музейге экскурсиялар, шығармашылық және зияткерлік байқаулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар балалардың өмір қауіпсіздігі мен денсаулығын нығайту бағытындағы шараларға басымдық беріледі. Жаз мезгілінде 680-дей оқушы облыстық және республикалық туристік сапарларға қатысады. Ал 4600-ден астам оқушы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тартылады. Ақсай қаласындағы «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің бассейнінде 1000 оқушы суда жүзуді үйренеді. Бұдан бөлек, балаларға арналған мультфильмдер мен қысқаметражды фильмдер көрсету жоспарланған.
Сонымен қатар жазғы демалыс жұмыстары «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұйымдастырылады. Ақсай қаласының №6 мектеп-лицейінде этнолагерь жұмысын жалғастырса, барлық мектепте «Жас ұлан», «Жас қыран», көшбасшылар мектептері мен пікірсайыс алаңдары жұмыс істейді.
ҰБТ: жауапты кезең
Дәл қазіргі кезеңде білім беру саласы үшін ең маңыздысы ҰБТ екені даусыз. Ата-аналарының үміті мен ұстаздар берген білімнің сыналар шағы. Биыл аудан бойынша 548 оқушы 11-сыныпты, 855 оқушы 9-сыныпты аяқтады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 526 түлек қатысуға ниет білдірді. 2026 жылғы негізгі ҰБТ 12 мамыр мен 10 шілде аралығында өткізілуде. Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижесін ұсынуға мүмкіндігі бар. Бұл түлектерге өз білім деңгейін тиімді көрсетуге және мамандық таңдауда қосымша мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аудан мектептерінде түлектерге жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Пән мұғалімдері мен психологтар тарапынан қосымша дайындық сабақтары, кеңес беру жұмыстары және психологиялық қолдау шаралары ұйымдастырылуда.
Ауданның білім беру ұйымдары биылғы оқу жылында да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті. Түлектердің сапалы білім алып, болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауы – ұстаздар мен ата-аналардың ортақ мақсаты.

«Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары»
25 мамыр күні Бөрлі ауданындағы барлық мектепте 2025-2026 оқу жылы аяқталды. Осыған орай білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» атты республикалық сынып сағаты өтті. Тәрбие сағатының негізгі мазмұны «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарына негізделіп, оқушыларды білімге, еңбекқорлыққа және отансүйгіштікке баулуға бағытталды.
Бөрлі ауданындағы мектептерде дәстүрлі салтанатты жиындар ұйымдастырылып, түлектер ұстаздарға алғыс айтып, ән шырқап, өлең оқып, қоштасу вальсін биледі. Бұл – балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басар маңызды сәттердің бірі. Сонымен қатар 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтсе, 11-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2-15 маусым күндеріне жоспарланған. Аттестат табыстау рәсімі 17-18 маусымда өткізіледі.
Білім мен тәрбие саласында атқарылып жатқан мұндай жүйелі жұмыстар – өскелең ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Анаргүл Кушербаева,
Бөрлі ауданы