Мәжіліс «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарайды.

Фото: t.me
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Бірінші оқылымда депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын, сондай-ақ оның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді қарау ұсынылады. Құжаттар Мемлекет басшысының биылғы жылғы 17 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануына орай кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Қылмыстық рақымшылық жасау әрекетін қолданбау ұсынылатын қылмыстардың тізбесі айқындалды. Рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталған адамға қатысты жеке қабылдайды.
Сондай-ақ бірінші оқылымда Палатаға «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске енгізілетін үкіметтік түзетулерді қарау ұсынылады. Бұдан бөлек, депутаттар селекция және асылдандыру жұмыстарын жетілдіруге, араларды қорғау мен көбейту үшін жағдай жасауға, сондай-ақ ара шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған ара шаруашылығы мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылайды.
Күн тәртібінің жобасына екінші оқылымда қаралатын «Психологиялық қызмет туралы», «Топырақты қорғау туралы» заң жобалары, нотариаттық қызмет, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері бойынша түзетулер енгізілді.