Балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау – мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдықтарының бірі. Оның құрамдас бөліктерінің бірі – балалар қауіпсіздігі. Жазғы кезеңде, яғни каникул уақытында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше назар аударуды талап етеді. Барлық уәкілетті орган жайлы орта қалыптастыру үшін ведомствоаралық компонентті күшейтуге міндетті, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл жұмыс нақты бағытталған және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жүргізілуі тиіс. «Балалар қауіпсіздігі – баршаның және әрқайсысының ісі», - деп атап өтті Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ж. Ғұмаров өңір әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысын аша отырып.
Отырыс барлық аудан мен Орал қаласы әкімдері орынбасарларының қатысуымен кеңейтілген форматта өтті. Жиынның өткізілуіне өңірдегі жазғы кезеңге сапалы дайындықтың қажеттілігі себеп болды.
Жұмыс тиімділігін арттыру шаралары бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментінің, өңірлік балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен білім басқармасының, Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы мен қоғамдық даму басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері және басқалар білдірді.

Жиналғандар облыстық Комиссия мүшелері әзірлеген дәстүрлі «Қауіпсіз балалық шақ» акциясының басталуына ерекше назар аударды. Бұл акция 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде басталады және кәмелетке толмағандардың тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде барлық мүдделі құрылым мен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіруге бағытталған.
Ол бірнеше бағытты қамтиды: балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындардағы (соның ішінде саябақтарда, скверлерде, балалар мен спорт алаңдарында, сауда-ойын-сауық орталықтарында, аула аумақтарында және т.б.), үйдегі (соның ішінде балалардың терезеден құлауының алдын алу және т.б.), жолдардағы (соның ішінде балаларды тасымалдау), қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлердегі қауіпсіздік, сондай-ақ балалардың қауіпсіз еңбегін қамтамасыз ету.

– Биылғы жылы акцияның мазмұнын тағы бір бағытпен – «Балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігімен» толықтыру қажет. Бұған балаларда цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, құқықтық мәдениет пен цифрлық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ буллингтің, киберқауіптердің, құқықбұзушылықтардың және өзге де тәуекелдердің алдын алу жөніндегі іс-шараларды қосу керек. Шараларды іске асыруға балаларды, ата-аналарды, педагогтарды, IT-қоғамдастықты және бейінді мемлекеттік органдарды тарту қажет, - деп атап өтті комиссия мүшелері.

Отырыс соңында нақты тапсырмалар қабылданды.