7 маусым – Монополияға қарсы құрылым қызметкерлерінің күні
Бәсекелестікті дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. 2020 жылы қазанда Президентке тікелей есеп беретін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды. Сала қызметкерлері 2021 жылдан бері төл мерекелерін атап өтіп келеді.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің БҚО бойынша департаментінің міндеті – нарықта жұмыс істейтін компаниялардың экономикалық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу. Сонымен қатар бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, тергеп-тексеру және жолын кесумен айналысады.
– Нарықта бір емес, көптеген сатушы мен сатып алушы бар. Әр сатушы тек өзінің тауарларының сатылғанына мүдделі. Сондықтан ол, біріншіден, өз тауарларының бағасын төмендетуге, екіншіден, өзіндік құнын төмендете отырып, олардың сапасын жақсартуға мәжбүр болады.
Яғни бәсекелестік ортаның қалыптасуына ықпал етеді.
Жалпы, бәсекелестік неғұрлым қарқынды болса, нарық соғұрлым тиімді жұмыс істейді және тұтынушылардың әл-ауқаты жоғары болады. Бәсекелестік жоғары болса, бағаның төмендеуіне, инвестициялардың өсуіне, тауарлар мен қызметтердің сапасының жақсаруына, өнім желісінің кеңеюіне, жалпы экономикалық өсімге әкеледі. Екінші жағынан, бәсекелестік нәтижесінде компаниялар қуатын арттырады, өнімді молайтады, тұтынушыларын қалыптастырады, бәсекеге қабілеттілігі төмен компанияларды нарықтан ығыстырады. Нәтижесінде белгілі бір нарықта доминанттар, монополистер пайда болады, – дейді департамент басшысының орынбасары Жақсат Мұратов.
Жақсат Мұратұлының айтуынша, бәсекелестік ортада компаниялар адал және адал емес тәжірибелерді, яғни әдіс-тәсілдерді қолданады. Адал тәжірибелер – тауарлардың сапасын жақсарту, өндіріс тиімділігін арттыру арқылы бағаны төмендету, қолжетімді технологияларды енгізу, зерттеулер жүргізу мен дамуға инвестициялар салу және басқалар. Ал адал емес тәжірибелерге бәсекелестікті шектеуге бағытталған және соның нәтижесінде тұтынушылардың әл-ауқатын нашарлататын іс-шараларды жатқызуға болады. Сондықтан адал бәсекелестік кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға, жеке меншікті қорғауға және бәсекелестікті дамытуға бағытталады. Ал бәсекелестікті дамыту үшін тиісті мемлекеттік реттеу (араласу) қажет. Олай болмаса, бизнес өкілдері өз бәсекелестерін басу және нарықты монополиялау үшін кез келген қадамға баруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттің бәсекелестік ортаны қамтамасыз етудің кепілі ретіндегі рөлі ерекше.
– Айта кететін жайт, департамент бағаны реттемейді және мемлекеттік сатып алу барысын қадағаламайды. Оның міндеті – монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері анықталғанда тиісінше ден қою шараларын қабылдау. Бәсекелестікті қорғау үшін нарықтағы бәсекелес-тіктің жай-күйіне талдау жүргізеді. Департамент бәсекелестікті қорғау және дамыту бағыттары бойынша қызмет етеді. Алдымен тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізеді. Мәселен, талдау облысымыздағы қандай да бір тауар нарығының қаншалықты дамығанын, қандай кедергілер бар екенін көрсетеді. Нарықта жұмыс істейтін компаниялардың монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны анықталса, хабарламалар, нұсқамалар беру не тергеу жүргізуді көздейтін ден қою шаралары қолданылады. Бір айтатын жайт, департамент картельдік келісімдер мен монополиялық жоғары баға белгілеу анықталғанда ғана бірден тергептексеруге шығады. Картельдік келісім дегеніміз – нарықтағы бәсекелестікті шектеуге бағытталған компаниялар арасындағы заңсыз уағдаластық. Ал мемлекеттік құрылымдар мен нарық субъектілері тарапынан монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері анықталса, «Жұмсақ құқық» қағидатын қолданады. Алдымен анықталған бұзушылық бойынша хабарлама жолдап, өз еркімен жоюға мүмкіндік береді. Егер оны орындамаса, тергеп-тексеруді бастайды, – деді Жақсат Мұратұлы.
Былтыр департамент қызметкерлері тауар нарығындағы бәсекелестік жағдайына қатысты 12 талдау жүргізген. Нарық субъектілеріне қатысты 6 хабарлама шығарып, тергеп-тексерудің нәтижесінде 4 нұсқама берген. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 1-тармағы бойынша «Құрылысинвест НС» ЖШС-ға және 163-бабының 1 және 2-тармақтары негізінде «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ мен «Западно-Казахстанская радиологическая испытательная лаборатория» ЖШС-ға қатысты үш әкімшілік іс қозғаған. Соның нәтижесінде монополиялық кірісті тәркілеу арқылы 16 млн 963 мың 126 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Бұдан бөлек «Тауар биржалары туралы» заңды бұзу және монополияға қарсы құрылым сұратқан ақпаратты мерзiмінде ұсынбау фактілері бойынша 9 бизнес субъектісіне қатысты айыппұл салынған. Яғни оларға ҚР ӘҚБтК 162-бабы және 268-бабының 3-тармағы негізінде 29 әкім-шілік хаттама түзіліп, 9 млн 380 мың 680 теңге көлемінде салынған айыппұл өндірілген.
Адал бәсекелестікті дамытуға күш салып жүрген департамент қызметкерлері кәсіби мерекелерінде назардан тыс қалмайды. Төл мерекелері қарсаңында осы салада ұзақ жыл бойы қызмет еткен департаменттің бәсекелестікті дамыту бөлімінің басшысы Артур Мартос «Монополияға қарсы орган үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ал жас мемлекеттік қызметшілер – Айдана Махсотова мен Гүлназ Шынғалиева агенттік төрағасының Құрмет грамотасы мен алғысхатына ие болған.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»