6.06.2026, 12:00
Оқылды: 15

Экологтардың кәсіби мерекесі аталып өтті

Орал қаласында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай салтанатты мерекелік жиын өтті.

WhatsApp Image 2026-06-06 at 11.05.49 (1)

Жайықтың жағасындағы саябаққа жиналған қоршаған ортаны қорғауға қатысы бар мекеме-ұйым қызметкерлері, экобелсенділерді облыс әкімінің  орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов құттықтады.

- Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтау, табиғи қорлардың сарқылуына жол бермеу және олардың ұрпақтан ұрпаққа берілуін қамтамасыз ету қажеттігін үнемі атап өтеді. Елімізде табиғи ортаны сақтауға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы қабылданып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылдың 1 сәуірі мен 10 мамыры аралығында облыстық санитарлық-экологиялық айлық өткізілді. Осы мерзімде «Тазару күні», «Таза өлке», «Таза қала», «Таза ауыл», «Мөлдір бұлақ», «Таза аула» және Мемлекет басшысының қатысуымен онлайн форматта «Жасыл болашақ» акциялары ұйымдастырылды. Аталған шараларға 60 702 тұрғын қатысып, 1 600 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 3 912 тонна қоқыс жиналып, 35 606 түп ағаш отырғызылды.

Ақжайық өңірі - қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік ұйымдар мен табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында еліміздегі экологиялық жағдайы қолайлы өңірлердің бірі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде ауаға шығарылған ластаушы заттардың көлемі 81 мың тоннаны құрады. Ластаушы заттардың негізгі бөлігі коммуналдық кәсіпорындар қызметінен қалыптасатыны баршамызға мәлім. Осыған байланысты 2023 жылы Орал қаласында негізгі жүктемені көтеретін сегіз ірі кәріз-сорғы станциясын жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Бүгінде олардың алтауы жаңғыртылды. №1 және №24 стансаларындағы жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Аталған жобаға бюджеттен 12,3 миллиард теңге қарастырылды.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Бәйтерек ауданының Дариян ауылында тәулігіне 300 текше метрге дейін кәріз ағындарын қабылдайтын блокты-модульдік кәріз-сорғы станциясы пайдалануға беріліп, кәріз ағындарын орталықтандырылған қабылдау жүйесі ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар ауылдағы экологиялық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаның ластану қаупін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл – қоршаған ортаның сапасын жақсарту және қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың бір ғана бөлігі. Тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген игі істер кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап етеді. Оны жүзеге асыруда сіздердің де еңбектеріңіз зор. Жасыл желекке бай табиғатымызды таза ұстап, қоршаған ортаны қолайлы күйде сақтай отырып, оны келешек ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Сол міндетті жүзеге асыру жолындағы бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта да нәтижелі болатынына сенім білдіремін. Бүгін осы шарада бірқатар жерлестеріміз бен әріптестеріміз түрлі марапаттарға ие болады. Әр марапаттың артында үлкен еңбек жатыр. Бұл марапаттардың артында туған өлкеміздің қоршаған ортасын қорғауға қосқан үлестеріңіз бар, - деді Қалияр Шадиярұлы.

WhatsApp Image 2026-06-06 at 11.05.50

БҚО бойынша Экология департаментінің зейнеткері Нина Литвинова «Еңбек ардагері» медалімен, аталған департаменттің Экологиялық реттеу бөлімінің бас бас маманы Ақкүміс Файзуллина және «Альтаир» ЖШС-ның экологы Динара Қарабалиева «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Жадыра Қойшекенова және алғысхатымен аталған басқарманың бас маманы Майра Майхарина марапатталды. Сондай-ақ министрдің алғысхатымен БҚО бойынша экология департаменті  мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Алматай Жұмағазиев, бас мамандары Сандуғаш Ақборанова, Таңсәуле Сүгірбаева және Төлеген Бақтығалиев марапатталды. Облыс әкімінің алғысхаты кәсіпкер, «Хан тоғайы» паркінің басқарушысы Мұрат Жәкібаев, «Ақжайық» телеарнасының журналисі Лұқпан Елеу, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары, журналист Нұрлыбек Рахманов, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ орманшысы Николай Маркин, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Альфия Жәңгірова және бірқатар белсенді студент пен волонтерге табысталды.

WhatsApp Image 2026-06-06 at 11.05.51

Сахнада Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының өнерпаздары мен  «Шабыт» би ансамблі өнер көрсетті. Аталған мерекелік шара «Эколог сағатына» жалғасып, оған оқушылар мен жас табиғат қорғаушылары қатысты.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале