8.06.2026, 17:45
Оқылды: 9

Шыңғырлау спортының мерейін өсірген жеңіс

Орал қаласында 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында Германиядағы Кеңес әскерлері тобының (ГСВГ) құрылған күніне орай және «Еңбек ардагері», ГСВГ ардагері С.А. Құлбатыровты еске алуға арналған бокстан Орал қаласының ашық чемпионаты өтті.

image-08-06-26-04-24-2

Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған дүбірлі додаға облыстың қала-аудандарынан және түрлі спорт клубтарынан келген жас былғары қолғап шеберлері қатысып, шаршы алаңда өзара мықтыны анықтады. Турнирдің негізгі мақсаты – жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, салауатты өмір салтын дәріптеу, сондай-ақ елге еңбегі сіңген ардагерлердің өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету.

Аталған жарыста Шыңғырлау ауданының намысын Ақшат ауылының жас спортшысы Дәулет Қаржаубай қорғады. Төрт күнге созылған тартысты бәсекеде ол 43 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарының бәрінен басым түсіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.

Бір қызығы, облыстың үздік боксшылары жиналған жарыста Дәулет бүтін бір ауданның үмітін жалғыз арқалап барды. Соған қарамастан қайсарлық пен жігердің үлгісін көрсетіп, шаршы алаңда ешкімге дес бермеді. Оның боксқа деген қызығушылығын әкесі Қайрат оятып, алғашқы қадамынан бастап үнемі қолдау көрсетіп келеді. Ауыл жағдайында жаттығып жүрген жас спортшының табандылығы мен еңбекқорлығы өз нәтижесін беріп отыр.

Бұл жеңіс – тек Дәулеттің ғана емес, Шыңғырлау ауданы спортының да мерейін үстем еткен жетістік. Ел намысын қорғауға ұмтылған жас боксшының бүгінгі табысы оның болашақта бұдан да биік белестерді бағындыра алатынын аңғартты. Жеңіске деген жігері мен қайтпас қайсарлығының арқасында Дәулет Қаржаубай аудан жұртшылығының сенімін ақтап, туған өлкесінің абыройын асқақтатты. С.Құлбатыров 1942 жылы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында дүниеге келген. Ол саналы ғұмырын әскери қызметке арнап, Отан алдындағы борышын адал атқарған азаматтардың бірі болды. Германиядағы Кеңес әскерлері тобында қызмет етіп, әскери салада абырой мен құрметке ие болды. Сонымен қатар спортты жанына серік етіп, жастардың дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Жас спортшыларға әрдайым қолдау көрсетіп, олардың жетістігіне қуанып жүретін азаматтың өнегелі ғұмыры бүгінде кейінгі буын үшін тағылымға айналып отыр.

image-08-06-26-04-24-1

Жарысты тамашалауға арнайы келген ардагердің жұбайы Кінияз Құлбатырова қатысушыларға ақжарма тілегін жеткізді.

– Жұбайым жастар тәрбиесіне ерекше мән беретін. Тәртіпті, еңбекқор әрі елін сүйетін азамат болып өсу – әр жастың міндеті деп санайтын. Спорт адамның мінезін қалыптастырады, жеңіске жетелейді деп жиі айтатын. Бүгін оның есімін ұлықтап, осындай жарыстың өтуі – отбасы үшін үлкен мәртебе. Барша спортшыға сәттілік тілеймін, – деді Кінияз Құлбатырова.

Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале