elicense.kz порталында шетелдік рұқсат бланкілерін алуға болатын бағыттар тізімі кеңейтілді, деп хабарлайды egov.kz.

Фото: pixabay.com
Қазақстандық тасымалдаушылар үшін шетелдік рұқсат бланкілерін (ШРБ) алу процесі жеңілдей түсті. Енді elicense.kz порталында бұл құжатты ресімдеуге болатын бағыттар тізімі кеңейтілді. Айта кету керек, шетелдік рұқсат бланкісі — отандық тасымалдаушыларға белгілі бір шет мемлекеттің аумағында жүк тасымалдауға заңды құқық беретін маңызды құжат. Мұндай рұқсаттар елдер арасында екіжақты келісім негізінде алмасылып тұрады. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ақтаевтың айтуынша, бұл жаңашылдық тасымалдаушылардың мемлекеттік органдарға бару уақытын азайтып, жұмыс өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Бүгінде «Е-лицензиялау» платформасы рұқсат беру үдерістерін кезең-кезеңімен толық онлайн форматқа көшіру бағытында белсенді дамып келеді.
Бұл цифрлық қызметті Қазақстанда ресми тіркелген және халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсаты бар көлік құралдарының иелері — заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер кедергісіз пайдалана алады. Портал арқылы өтінім беру жолы да барынша қарапайым етіп жасалған. Қызметті алу үшін пайдаланушы алдымен elicense.kz порталында авторизациядан өтіп, «Көлік» бөлімін таңдауы қажет. Одан кейін халықаралық қатынастағы тасымалдаушыларға шет мемлекет аумағына кіруге рұқсат беру қызметін тауып, «Онлайн тапсырыс беру» батырмасын басады. Осыдан кейін тиісті өңірді немесе қаланы, қажетті мекемені белгілеп, ұйымның БСН-ын, өкілдің аты-жөні мен лауазымын, сондай-ақ заңды тұлғаның тіркеу деректері мен мекенжайын толтырып, келесі кезеңге өтеді. Сондай-ақ көлік құралы туралы мәліметтерді, қажетті елдің атауын, бланктің түрі мен санын көрсету талап етіледі.
Өтінім толтырылған соң ҚР Көлік министрлігінің ақпараттық жүйесі мәліметтерді автоматты түрде тексеріп, электрондық шетелдік рұқсат бланкісін бірден брондайды. Пайдаланушы тек мемлекеттік бажды төлеп, өтінімді электронды қолтаңба арқылы растаса жеткілікті. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі небәрі 2 жұмыс күнін құрайды. Дайын болған құжат пайдаланушының elicense.kz порталындағы Жеке кабинетіне тікелей жіберіледі. Мұнда ескеретін бір жайт, бланктің жарамдылық мерзімі жеке кабинетке хабарлама түскен сәттен бастап 30 күнмен шектеледі. Қызметтің құны — әрбір бланк үшін 1 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең.