3.03.2017, 18:16
Оқылды: 89

Қос ауылда аспалы көпір ашылды

Screenshot_2017-03-03-21-14-30-1Дәл бүгін Зеленов ауданы, Макаров селолық округіне қарасты Садовый ауылы және Мичурин селолық окургі, Зеленый ауылының тұрғындарын облыс орталығымен Шаған өзені арқылы байланыстыратын екі аспалы көпір пайдалануға берілді.


Осы уақытқа дейін облыс орталығы Орал қаласына айналма жолмен барып немесе ескі пароммен қатынап қиындық көрген халық көпірдің жоқтығынан біраз азап шеккені рас. Халықты бірнеше жыл әуре-сарсаңға салған бұл өзекті мәселе тек ауыл тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы, облыс, аудан, ауыл басшыларын да алаңдатқаны мәлім.

Screenshot_2017-03-03-21-14-38-1Қос ауылдағы көпірдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев, аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Ысмағұлов, «Оралстройинвест» ЖШС, мердігер Алексей Безьяновтар сөз алып жиналған жұртшылыққа жылы лебіздерін жолдап құттықтады.

Screenshot_2017-03-03-21-02-38-1Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Амангелді Кәрімұлымен бірге Макаров ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Төлеген Жасыбаев, Зеленый ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Есболат Жәленовтар лента қию рәсімін жүргізді.

- Екі көпірдің құрылысын «Оралстройинвест» ЖШС ұжымы жасады. Құрылыс өткен жылы, яғни 2016 жылдың күз айында бастау алды. Зеленый ауылындағы көпірдің ұзындығы 114 метр, ені 1,52 метр. Оның жұмысына 55 млн. 588,415 мың теңге жұмсалды. Ал Садовый ауылындағы көпірдің ұзындығы 110 метр, ені 1,52 метр. Бұған 36 млн. 057,886 мың теңге бөлінді,- дейді Зеленов аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Арман Жұмабеков.

Screenshot_2017-03-03-21-14-44-1Қырық тоннаға дейін салмақты көтере алатын жобасы бірдей екі аспалы көпірдің де сапасы жақсы, металдан жасалған, қатты, әрі қалың арқандармен тартылған. Сондай-ақ өзеннің екі жағалауына зәкірмен бекітілген.

Айта кеткен жөн, Шаған өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған екі аспалы көпірге дейін жаяу жүргіншілер үшін шағын көпір де салынған. Зеленый – Мичурин бағытындағы шағын көпірдің ұзындығы 344 метр. Ал Садовый-Асан бағытындағы шағын көпірдің ұзындығы 52 метр.

Бүгінгідей «ақ түйенің қарны жарылған» күні ауыл тұрғындары бір-біріне «құтты болсын» айтып, қазақы дәстүрмен келген меймандарға шашу шашып, дәм ұсынып, шат-шадыман күй кешуде. Өнерпаздар әсем әнмен əрледі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы наурыз айында «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабының делегациясы БҚО облысына арнайы сапармен келіп, Мичурин және Макаров ауыл тұрғындарымен кездескен болатын. Жүздесу барысында аталмыш штаб өкілдері Шаған өзенінен жаяу адам жүретін көпір салу туралы мәселені естіп білді. Сөйтіп, шаруаның шешілуіне бір кісідей атсалысты.

Айшабибі МӘМЕТ

Суреттерді түсірген

Динара Насыр,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале