Бәйтеректе мемқызметшілердің кәсіби және коммуникативтік дағдыларын дамытуға арналған семинар-тренинг өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы тиімді коммуникацияны жаңа деңгейге көтеру, азаматтармен өзара іс-қимыл сапасын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашықтығы мен беделін нығайту болып табылады.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Болатбек Ахметжановтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық әдеп жөніндегі уәкіл Айман Хайруллина, облыстық әділет департаментінің басшысы Әлия Тасыбаева, «Халықаралық кәсіби медиаторлар мен заңгерлер институты» РҚБ мүшесі Манзура Хасанова және жергілікті мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Кездесу барысында облыстық әдеп жөніндегі уәкіл мемқызметшілердің денсаулығы, салауатты өмір салтын ұстануы және жеке жауапкершілігі мәселелерін қозғады. Ол бүгінгі таңда мамандарға қойылатын талаптардың айтарлықтай күшейіп келе жатқанын қадап айтты. Әсіресе, құмар ойындарға (лудомания) тәуелділіктің алдын алу мәселесіне назар аударып, бұл дерттің жеке адамға ғана емес, оның отбасына және мемлекеттік қызметтің беделіне кері әсер ететінін ескертті.
Семинар еркін пікір алмасу мен ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар ұжымдағы сенімді нығайту, коммуникация мәдениетін қалыптастыру, медиация құралдарын пайдалану және эмоцияны басқару мәселелерін қызу талқылады. Бұл ретте облыстық әділет департаментінің басшысы өзінің қызмет жолындағы тәжірибесімен де бөлісті. Оның айтуынша, медиация әдістерін іс жүзінде қолдану арқылы бұрыннан шешілмей келе жатқан ұжымішілік жанжалдарды қысқа уақыт ішінде оңтайлы реттеуге мүмкіндік туған. Бұл тәсіл қызметкерлер арасындағы өзара түсіністікті арттырып, жұмыс өнімділігін жақсартуға септігін тигізген.
Спикерлер ұжымдағы психологиялық ахуалды жақсартудың қарапайым әрі тиімді тәсілдерін де атап өтті. Мысалы, таңғы уақытта бірлесіп жасалатын қысқа жаттығулардың өзі қызметкерлер арасындағы бауырмалдықты арттырып, жағымды орта қалыптастыруға ықпал етеді екен.
– Қазіргі таңда ең құнды нәрсе - денсаулық пен адамдар арасындағы қарым-қатынас. Мемлекеттік қызметші алдымен өзін, эмоциясын басқаруды үйренуі керек. Сонда ғана азаматтармен тиімді жұмыс жүргізе алады, – деді Манзура Маутқызы.
Жиында халыққа қызмет көрсету мәдениетіне ерекше назар аударылды. Мамандар мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі – оның лауазымдық міндеттерін, қолданыстағы заңнаманы және өз жұмыс бағытын жетік білуінен көрінетінін атап өтті. Келген азамат қандай көңіл күйде болмасын, қызметкер сабыр сақтап, мәселені шешуге дайын екенін білдіруі тиіс.
Мамандардың пікірінше, мемлекеттік қызметшілер күн сайын азаматтардың өтініштерімен, шағымдарымен және түрлі күрделі өмірлік жағдайларымен бетпе-бет келеді. Сондықтан олар үшін тыңдай білу, сабыр сақтау және эмоцияны бақылау, бейтараптылық ұстану және эмпатия таныту мен құрмет көрсету ерекше маңызды екені сөз болды.
Семинарда айтылған тағы бір маңызды қағида – мемлекеттік қызметші азаматтың мәселесі өз құзыретіне кірмесе де, оны «менің шаруам емес» деп шығарып салмай, тиісті мекемеге бағыттап, қажетті ақпарат беруі тиіс. Сондай-ақ, заңнамалық терминдерді халыққа қарапайым, ұғынықты тілмен түсіндіру қажеттігі баяндалды. Бұл азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, түсініспеушіліктердің алдын алады.
Ашық диалог, кәсібилік, сабырлылық және азаматтарға құрметпен қарау – мемлекеттік қызметшінің негізгі қағидаттары болуы тиіс.
Сонымен қатар, бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен мемлекеттік қызметшілердің беделін қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады.

Аудан әкімі аппаратының басшысы халықпен сауатты қарым-қатынас жасау, БАҚ өкілдерімен дұрыс коммуникация орнату және әлеуметтік желідегі белсенді блогерлермен мәдениетті байланысты дамыту бағытында арнайы курстарда білім жетілдіру мүмкіндіктері бар екенін айтты. Сондай-ақ, «Масс-медиа туралы» заңды жетік білу қажеттігін атап айтты. Өйткені, мекемеге келіп, сұрақ қойып, камераға түсіруші азаматтың қай ақпарат құралынан келгенін, жеке тұлға немесе блогер болса, тиісті аккредитациядан өткен-өтпегенін жіті түсіну – әрбір маманның құқықтық сауаттылығының белгісі екені түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өздерін толғандырған өзекті сұрақтарға жауап алды. Ұйымдастырушылар мұндай тәжірибелік тренингтердің алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұратынын айтты.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы