Халықты сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Казталов ауданы бойынша ауыз су жүйелерін жоспарлы түрде дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді.

Казталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорнының ұйымдастыруымен аудан аумағындағы 24 елді мекендегі су құбырлары, су мұнаралары, ұңғымалар және орталықтандырылған су тарату желілері арнайы залалсыздандырудан өткізілді.
Аталған жұмыстарды лицензияланған «Көзайым» дезинфекция қызметі жүзеге асырды. Дезинфекция барысында санитарлық талаптарға сәйкес «Алмадез-хлор» және кальций гипохлориді негізіндегі арнайы дезинфекциялық ерітінділер қолданылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар ауыз су жүйелерінің санитарлық жағдайын жақсартып, су арқылы таралуы мүмкін жұқпалы аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су желілерінің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етіп, тұрғындарға берілетін ауыз судың сапасын арттыруға бағытталған.
«Ауыл айнасы» ақпарат