Астана қаласында өткен Ұлттық мектеп лигасы аясындағы «Былғары доп» футбол турнирінің республикалық кезеңінде Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Жәнібек ауданының жас футболшылары тамаша нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.

Турнир барысында жәнібектік өрендер жоғары ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске деген жігерін дәлелдеді. Топтық кезеңде Маңғыстау облысының командасын 4:0 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ширек финалда Түркістан облысының командасын 3:2 есебімен ұтса, жартылай финалда Абай облысының өкілдерін 4:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.

Финалда Павлодар қаласының командасымен кездескен жерлестеріміз тартысты ойында 2:4 есебімен есе жібергенімен, республикалық доданың күміс жүлдегері атанды.

Жеке марапаттар бойынша команданың қақпашысы Рустам Истамғазиев «Үздік қақпашы» атанса, Аманжол Есенов «Үздік бапкер» номинациясын иеленді.

Бұл жетістік – жас спортшылардың табанды еңбегі мен бапкерлердің кәсіби дайындығының жемісі. Жәнібек ауданының жас футболшыларын және жаттықтырушылар құрамын жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz