Апта барысында Батыс Қазақстан облысындағы бірқатар белді оқу орнында, атап айтқанда Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық, Орал политехникалық, гуманитарлық-экономикалық, ақпараттық технологиялар, медициналық және «Болашақ» сияқты оннан астам жоғары және техникалық колледжде «Саналы ұрпақ» клубы аясында арнайы тренингтер ұйымдастырылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті ұйымдастырған бұл шаралардың басты мақсаты — студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жас буынның бойына адалдық, әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын сіңіру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.


Құрғақ баяндамадан қашып, қызықты интерактивті форматта өткен тренингтер барысында студенттер арнайы тапсырмаларды орындап, жемқорлықтың қоғам дамуына тигізер зияны мен оның алдын алу жолдарын қызу талқылады. Сондай-ақ жастар күнделікті өмірде заң талаптарын сақтау және кез келген жағдайда дұрыс әрі әділ шешім қабылдау төңірегінде өзара пікір алмасты. Кездесу соңында қатысушылар жас буынның құқықтық мәдениетін көтеретін осындай пайдалы басқосулар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті