17.06.2026, 13:00
Оқылды: 15

Сапалы және қауіпсіз балықты қалай таңдау керек: тұтынушыларға арналған ұсынымдар

 Нарықта сатылатын балық пен балық өнімдері Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес болуы және олардың қауіпсіздігін растайтын құжат — сәйкестік туралы декларациясы болуы тиіс. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жазды. 

_gluster_2026_6_16_b7bc5759b3356b06ee62fcff4fcaa6e9_1280x720

Балық пен балық өнімдерін сатып алу кезінде өнімдерді тек азық-түлік өнімдерін сақтау және өткізу талаптары сақталатын ресми сауда орындарынан сатып алған жөн. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алынған өнімдер денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Өнімнің таңбалануына ерекше назар аудару қажет. Қаптамада өнімнің атауы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және өндіруші туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс.

Жаңа ауланған балықтың беті таза, көзі мөлдір, желбезектері қызыл немесе қою қызыл түсті, ал еті тығыз әрі серпімді болуы керек. Жағымсыз иіс, бұлыңғыр көз және босаң, жұмсақ ет өнімнің сапасының талапқа сай еместігін көрсетуі мүмкін.

Мұздатылған балықта қайта мұздату белгілері болмауы тиіс. Атап айтқанда, балықтың бетінде мұздың шамадан тыс көп болуы, қар тәрізді қыраудың болуы немесе пішінінің өзгеруі қайта мұздатудың белгісі болуы мүмкін. Балық консервілерін сатып алғанда қаптаманың бүтіндігін тексеру қажет: банкаларда ісіну, ағып кету, тот басу және басқа да зақымданулар болмауы тиіс.

Сатып алғаннан кейін өндіруші көрсеткен сақтау шарттарын сақтау және жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді тұтынбау маңызды.

Комитет балық пен балық өнімдерін таңдауға жауапкершілікпен қарауды, олардың сақтау шарттарына, жарамдылық мерзіміне және таңбалануына назар аударуды ұсынады. Осы қарапайым қағидаларды сақтау сапасыз өнімді сатып алу тәуекелін төмендетуге және денсаулықты сақтауға көмектеседі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале