Щучинск қаласындағы Жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Еліміздің әр өңірінен жиналған үздік мамандардың басын қосқан байқауға Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен басқа да аймақтардан барлығы 10 педагог қатысты. Байқаудың басты мақсаты – орман шаруашылығы және қоршаған орта салаларында қызмет ететін педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, үздік тәжірибелерді тарату және заманауи білім беру технологияларын насихаттау.

Батыс Қазақстан облысының намысын бұл байқауда Бөрлі колледжінің орман-техникалық пәндер кафедрасының оқытушысы Анастасия Щербина қорғады. Ал колледждің жетекші оқытушысы Наталья Гришина республикалық байқауға сарапшы ретінде қатысып, қатысушылардың жұмысын бағалау комиссиясының құрамында қызмет атқарды.
Байқау үш модуль бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар «Педагогикалық шеберлік» модулі аясында ашық сабақ фрагменттерін ұсынып, заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдану, цифрлық ресурстарды пайдалану және студенттердің танымдық белсенділігін арттыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Келесі модульдерде конкурсанттардың кәсіби құзыреттілігі мен практикалық дағдылары сынға түсті. Қатысушылар орман шаруашылығы саласындағы өлшеу жұмыстарын жүргізу, табиғи ресурстарды бағалау, орманды қорғау және биологиялық ерекшеліктерін анықтау бағытындағы білімдері мен тәжірибелерін көрсетті. Байқау тапсырмалары педагогтердің теориялық дайындығын ғана емес, нақты өндірістік жағдайда жұмыс істеу қабілетін де бағалауға мүмкіндік берді.
Мұндай кәсіби байқаулардың маңызы жыл сайын артып келеді. Себебі бүгінде Қазақстанда орман шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында орман қорын көбейту мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде алдағы жылдары 2 миллиардтан астам ағаш көшетін отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін тек материалдық-техникалық база ғана емес, жоғары білікті мамандар да қажет. Сондықтан орман шаруашылығы саласына маман даярлайтын колледждер мен олардың оқытушыларына қойылатын талап та жоғары.
Щучинск қаласында өткен республикалық байқау осы бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісіне айналды. Байқау педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға, тәжірибе алмасуға және саланың үздік әдістемелерін таратуға мүмкіндік берді.
Бөрлі колледжі педагогтерінің республикалық деңгейдегі осындай маңызды додаға қатысуы оқу орнының кәсіби әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Байқау қорытындысы бойынша А.П.Щербина ІІ орын иегері атанып, өзінің кәсіби шеберлігін дәлелдей білді. Бұл өз кезегінде болашақ орман шаруашылығы мамандарын даярлау сапасын арттыруға және өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына оң ықпал етпек.
Айжарық НҰР
Бөрлі ауданы