17.06.2026, 15:15
Оқылды: 17

Интернет алаяқтықтан сақ болыңыз!

Жақында аудандық мәдениет үйінде «Интернет алаяқтықтан сақ болайық» тақырыбы аясында кездесу өтті. Аталған кездесуге БҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Мұсағалиев қатысып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара құқықтық сауаттылықты атттырып, мұндай айла шараларға қалай тосқауыл қою керектігін нақты мысалдармен көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Шара барысында киберқауіпсіздік, онлайн алаяқтықтық құрбаны болмау, дроппер деген кім және дропперліктің жазасы туралы ақпараттар берілді.

интернет алаяқтық (3)

Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Ерік Төлепқалиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбеков және аудан прокуратурасының аға прокуроры Қуаныш Қобыландиев қатысты. Сонымен қатар кездесуге қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық мекеме басшылары, денсаулық сақтау, білім, мәдениетсаласының қызметкерлері және аудан тұрғындары да қатысты.

Мемлекет басшысының «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған жиында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне басты назар аударылды. Аталған жиын барысында тұрғындарға жеке деректер мен қаржыны қорғау жолдары туралы ақпараттар түсіндіріліп, интернет алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдеріне мысалдар келтірілді.

  • Бәріңіз білетіндей қазіргі уақытта интернет аляқтыққа ұшыраған еліміздің азаматтары баршылық. Оның ішінде облысымыздың тұрғындары да бар. Алаяқтар сізге банк қызметкері, сот орындаушысы және тағы басқа түрлі лауазым өкілдері ретінде өздерін таныстырып, сіздердің сенімдеріңізге кіріп, үлкен шығынға батыруда. Қазіргі кезде киберқылмыстардың жиі орын алуына байланысты  2025 жылдан бастап Ішкі істер министрлігінің құрамында полиция департаментінің жанынан БҚО Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ашылды. Біздің негізгі мақсатымыз облысымызда орын алып жатқан киберқылмыстарды анықтау, ашу, алдын алу және ашылған қылмыстарды сотқа дейінгі тергеп, тексеру әрекеттерін жүргізу. Қазіргі уақытта еліміздің 5 облысында интернет алаяқтық фактілерінің тіркелуі көбейсе, біздің облысымыз үшінші орында тұр. Осы интернет алаяқтықтың алдын алу үшін полиция қызметкерлері күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірақ та алданып қалып, полицияға шағымданушылардың саны көбеймесе, азаяр емес, - дейді БҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Ғайсаұлы.

интернет алаяқтық (4)

Ағымдағы жылдың 5 айдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы бойынша интернет алаяқтықтың былтырғы жылмен салыстырғанда 24 пайызға көбеюін анықталған. Яғни, былтыр 5 айдың қорытындысы бойынша 189 факті тіркелсе, ал биыл 235 факті тіркелген екен. Қазіргі уақытта Артур Ғайсаұлының айтуынша, 123 қылмыстық  іс сотқа жолданып, нәтижесінде 123 жәбірленушінің ақшаларын қайтаруға сот шешімі бойынша мүмкіндік жасалып отыр.

  • Жыл басынан бері облыс аумағында «Антифрот», «Стоп алаяқ» деген 2 жедел профилактикалық іс-шаралары өтті. Дегенмен қылмыстық іс азаймай отыр. Сондықтан қазір біз ішкі істер министрлігі полиция департаментінің нұсқауы бойынша аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгін Ақсай қаласының тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жиірек орын алып жатқан алаяқтық түрлерін және олардан қалай сақтану керектігін жеткіздім. Полиция департаменті осы орын алып отырған қылмыстық істерді ашу мақсатында қылмыскерлерге қатысты жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуде, - дейді полиция полковнигі Артур Мұсағалиев.

Ал ауданымызда интернет алаяқтық бойынша 2026 жылдың 5 айының қорытындысында 35 қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта ауданымызда «EGOV» порталы арқылы 6207 тұлға несие алудан бас тартып, өз еркімен есепшоттарын бұғаттаған. Аудандық полиция бөлімінің дерегі бойынша қаламызда орналасқан 8 LED экранда профилактикалық видео-роликтер жүргізіліп отыр. Сондай-ақ әлеуметтік желіде алаяқтық жолмен реклама жасап, күдік туғызған 18 сайт «кибернадзор» желісі арқылы бұғаттауға енгізілген.

Қазіргі уақытта интернет алаяқтық әлемдік мәселеге айналып отыр. Интернет алаяқтық фактілерінің көбеюіне басты себеп адамдардың аңғалдығы десек те болады. Бұған әлеуметтік желінің әсері де бар. Қандай жағдай болмасын бейтаныс адамға жеке деректеріңізді айтудан сақ болыңыз.

Айдана АБДРАХМАНОВА

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале