18.06.2026, 14:30
Оқылды: 15

Тасқала ауданы: Бастауға барар жол жаңармақ

Тасқала ауданында ауылдық елді мекендердің көлік қатынасын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – Бастау ауылына кіреберіс автомобиль жолын жөндеу жобасы. Қазіргі таңда нысанда дайындық жұмыстары басталып, жолды тегістеу және жөндеуге әзірлеу шаралары жүргізілуде.

Жол (1)

Ия, жол - ауыл тіршілігінің күретамыры. Тұрғындардың аудан орталығымен және көршілес елді мекендермен байланысы, жедел жәрдем мен басқа да қызметтердің уақытылы жетуі, шаруашылық жұмыстардың тиімді ұйымдастырылуы ең алдымен жол сапасына байланысты. Сондықтан ауылдарға кіреберіс жолдарды қалыпқа келтіру - тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Аталмыш жобаны «Братья Амангалиевы» ЖШС жүзеге асыратын болады. Жоспарға сәйкес ұзындығы 7,5 шақырым болатын жол учаскесіне ені 4,5 метрден кем емес, қалыңдығы 15 сантиметрден кем емес қиыршық тас жамылғысы төселеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар жол төсемінің негізін нығайту, тегістеу және техникалық жағдайын жақсарту жұмыстары да қоса  атқарылады.

Бүгінде мердігер мекеме құрылыс алаңында дайындық жұмыстарын жүргізіп, жолды жөндеудің алғашқы кезеңіне кірісті. Алдағы уақытта жоспарланған жұмыстар толық көлемде орындалатын болады.

Жобаның жалпы сметалық құны 214,2 миллион теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған.

Жолдың жаңаруы – тек қатынас сапасының жақсаруы ғана емес, ауылдың дамуына жасалған инвестиция. Сондықтан Бастау ауылына кіреберіс жолдың жөнделуі тұрғындардың көптен күткен игілікті ісінің бірі болмақ.

Айта кету керек, аудан бойынша елді мекендерге кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі жалғасуда. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың орындалу көрсеткіші 46 пайызға жетіп отыр.

 

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале