Биыл да мыңдаған түлек үшін мектеп қоңырауы соңғы рет соғылды. Ал олардың алдында үлкен сұрақ тұр: «Қайда барамын? Қандай мамандық таңдаймын?» Бір қарағанда бұл сұрақтың жауабы оңай сияқты. Бірақ шын мәнінде жастардың көпшілігі мамандық таңдауда қиналады. Өйткені таңдауды көбіне өзінің қызығушылығына қарап емес, қоғамның пікірі мен ата-ананың үмітіне қарап жасайды.

Бүгінде елімізде «біреудің баласынан кем болмасын», «ақылы болса да оқытайық», «қолында дипломы болсын» деген түсінік әлі де кездеседі. Соның салдарынан көптеген жас өзі қаламаған мамандыққа түсіп, бірнеше жылдан кейін жұмысын ауыстырып немесе мүлде басқа салаға кетіп жатады. Бір қызығы, қазіргі еңбек нарығы бұрынғыдай тек дипломға емес, нақты дағды мен кәсіби біліктілікке сұраныс танытуда. Сондықтан жастардың алдында бұрын болмаған мүмкіндік пайда болды: мамандықты саналы түрде таңдау. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2025–2026 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 562 мыңнан астам студент білім алуда. Ел бойынша 706 колледж жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жастардың колледждерге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінгі колледж бұрынғыдай тек жұмысшы мамандарын дайындайтын оқу орны емес. Қазіргі таңда онда IT, бағдарламалау, дәнекерлеу ісі, автокөлік жөндеу, энергетика, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және басқа да көптеген бағыттар бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярланады. Мемлекет тарапынан сұранысқа ие техникалық мамандықтарға грант саны көбейіп, тегін білім алу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Өкінішке қарай, мамандық таңдаудағы ең үлкен қателік – баланың қабілетін емес, ата-ананың арманын жүзеге асыруға тырысу. Кейде оқушы техникаға бейім болса да заңгерлікке немесе экономикаға барады. Кейде қолынан нақты іс келетін бала міндетті түрде университетке түсуі керек деген қысым көреді. Ал бірнеше жылдан кейін өзі таңдамаған мамандықтың иесі атанып шыға келеді.
Бұл үрдісті Бөрлі ауданынан анық байқауға болады. Бүгінде ауданда жұмысшы мамандар мен білікті кадр даярлайтын екі мемлекеттік колледж жұмыс істейді. Жастар электрмен қамтамасыз ету, автокөлікті техникалық қызмет көрсету және жөндеу, мұнай-газ өңдеу технологиясы, дәнекерлеу ісі, ауыл шаруашылығын механикаландыру, ландшафттық дизайн, орман шаруашылығы сияқты өңір экономикасына қажетті мамандықтарды меңгеруде.
Әсіресе бүгінгі таңда Бөрлі ауданы үшін мұнай-газ саласы, энергетика, көлік және техникалық қызмет көрсету бағыттарындағы білікті жұмысшы кадрларға сұраныс жоғары. Сондықтан колледждер де еңбек нарығының талабына сай білім беру мазмұнын жаңартып, өндіріс орындарымен байланысты күшейтіп келеді. Студенттер оқу барысында тәжірибеден өтіп қана қоймай, болашақ жұмыс берушілермен ерте танысу мүмкіндігіне ие болуда.
Кәсіптік бағдар беру мамандарының айтуынша, дұрыс таңдалған мамандық үш сұраққа жауап беруі тиіс: «Не істегенді жақсы көремін?», «Не істей аламын?» және «Қоғамға не қажет?». Осы үш жауап түйіскен жерде адамның кәсіби жолы басталады.Бүгінде Қазақстан колледждері металлургия, машина жасау, көлік, энергетика, құрылыс, инженерия және IT салалары үшін мамандар даярлап отыр. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін 170 мыңнан астам студент тәмамдайды, олардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші 81 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш бір маңызды шындықты көрсетеді: еңбек нарығында тек жоғары білім емес, сапалы кәсіп пен нақты мамандық бағалана бастады. Сондықтан бүгінгі ата-ана үшін басты міндет – баласын белгілі бір оқу орнына емес, өз жолын табуға бағыттау. Ал жастар үшін басты міндет – мамандықтың сәніне емес, өзінің қабілетіне қарау.Өйткені диплом қабырғада ілініп тұруы мүмкін. Ал дұрыс таңдалған кәсіп адамды өмір бойы асырайды. Ертеңгі табысты маман бүгін қабылданған дұрыс шешімнен басталады.
Айжарық Нұр
Бөрлі ауданы

Еламан Беков – Бөрлі колледжінің кәсіптік бағдарлаушысы, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, арнайы пәндер оқытушысы
Соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде тағы бір маңызды өзгеріс байқалады. Егер бұрын жастар колледжді университетке түсе алмаған жағдайда ғана таңдайтын болса, бүгінде көптеген түлек нақты кәсіп игеруді саналы түрде таңдауда. Себебі заманауи өндіріс орындарына дипломнан бұрын біліктілік, тәжірибе және нақты дағды қажет. Сондықтан ата-аналар баласының таңдауы мен қабілетіне құрметпен қарап, оның қызығушылығын қолдай білсе, ал жастар еңбек нарығының сұранысын ескерсе, қателесу ықтималдығы әлдеқайда азаяр еді.

Айнагүл Садықова – Ақсай техникалық колледжінің кәсіптік бағдарлаушысы, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы
Ақсай техникалық колледжінде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылып, кәсіпорындармен бірлескен тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар студенттердің кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға арналған бастамалар қолға алынған. Бүгінгі таңда кәсіп таңдау – тек оқу орнын таңдау емес. Бұл – адамның өмір салтын, болашақтағы орнын және кәсіби бағытын анықтайтын маңызды шешім. Қазіргі заманда ең құндысы – диплом емес, қоғамға қажет маман болу.