Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қазақстанда телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша заң қабылданды, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: pixabay.com
Жаңа құжат байланыс сапасын арттыру мен цифрлық сервистердің қолжетімділігінен бастап, деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды қорғау және байланыс желілеріндегі алаяқтыққа қарсы күреске дейінгі негізгі бағыттарды қамтиды.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі ретінде азаматтардың eGov, e-Otinish және Aitu мессенджері сияқты әлеуметтік маңызы бар цифрлық сервистерге тарифтелмейтін, яғни тегін қолжетімділігі қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ заң нарықтың ашықтығын күшейтеді, бұдан былай байланыс операторлары өздерінің қаржылық есептілігін, үлгілік шарттарын және инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтерін жариялауға міндеттеледі. Ұялы байланыс сапасын арттыру үшін байланыс сигналын күшейткіштер мен репитерлерді елге әкелуге шектеулер енгізіліп, мұндай құрылғыларды импорттау құқығы тек байланыс операторларына ғана беріледі. Сонымен қатар байланыс объектілері үшін жер учаскелерін бөлу тәртібі жеңілдетіліп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда байланыс желілерін салу мүмкіндігі көзделіп отыр.
Түзетулердің елеулі бөлігі деректерді өңдеу орталықтарын стратегиялық объектілерге жатқызуды және цифрлық экономиканың энергетикалық базасын дамытуды көздейді. Электр энергиясының ұзақ мерзімді тұтынушылары ретінде цифрлық майнерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының қатысуымен генерациялаушы қуаттарды жаңғыртуға жеке инвестицияларды тарту үшін «70/30» механизмі енгізіледі.
Азаматтарды телефон алаяқтығынан қорғау мақсатында заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды міндетті таңбалау жүйесі енгізіледі, бұл абоненттерге ресми қоңырауларды күдікті нөмірлерден ажыратуға көмектеседі. Бұдан бөлек, абоненттік нөмірді немесе ұялы байланыс құрылғысын үшінші тұлғаларға тұрақты пайдалануға берген кезде оларды міндетті түрде қайта тіркеу талабы белгіленді. Заңның толық мәтіні «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.