23.06.2026, 12:30
Оқылды: 8

Ветеринардан мемлекеттік қызметшіге дейін 

Садырбек қашан көрсең асығып жүреді. Қолында бума-бума қағаз. Әкімдіктен жер қатынастары бөліміне, одан шығып халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мекемесіне қарай “ұшып” келе жатқаны. 

PHOTO-2026-06-22-09-17-57 (1)

Садырбек жолай ұшырасқан әріптестеріне қолын көтеріп амандасып: - Ауылдың шаруаларымен жүр едім, сіздің мекемеге де соғамын, -  деп өте шығады.

Сарой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Садырбек Мырзағалиевтің мемлекеттік қызметке келгеніне 3 жылға жуықтады. 2017 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін “Ветеринария” мамандығы бойынша тамамдаған ол еңбек жолын республикалық эпозотияға қарсы отряд РММ Батыс Қазақстан облысы филиалынан бастады. Кейін Сырым аудандық ветеринарлық станциясында тәжірибеден өтіп, зертхана қызметкері болды. “Болат қайнауда шынығады” - дегендей, маманды шынықтыратын - еңбек деп түсінген Садырбек Қаратөбе аудандық ветеринарлық зертханасына қызметке ұсыныс түскенде ойланбады. Барды, ветеринар - дәрігер болып еңбек етті.

Қаныбектың ұлы 2022 жылы туған ауылы Шағырлойға келіп, ветеринарлық пункте жұмысқа орналасты. Ғылым мен еңбек осылай ұштасып жатты. Садырбек 2023 жылы 11 қарашада ҚР Конституциясы кітабын ұстап тұрып, ант қабылдап, круг әкімдігінің бас маманы қызметіне кірісті. Бас маманның Жымпитыға келіп, “ұшып - қонып” жүретін жөні бар. Оның кабинеті округ үшін маңызды салалар - көп балалы аналарға әлеуметтік көмек тағайындау, құрылысқа қажетті жерлерді нақтылау, әскери міндеттілерді түгендеу, төтенше жағдайға даярлық және іс - қимылға жауап береді. Ішкі құжат айналымы - округ әкімдігінің еңбек тынысы. Хаттамаларды, әкімнің өкімі мен шешімдерін даярлау, халық пен биліктің жұмысын үйлестіруші «е-өтініш» мемлекеттік ақпараттық жүйелерінің жұмысын қадағалауда - Садырбектің жұмысы. Ол өзінің “киген тоны” - ветеринария саласын да ұмытпайды. Вакцинацияны қадағалайды, мал азығын дайындау жұмыстарын жоспарлайды, кейде жол - көлік оқиғаларына себеп болмасын деп, трасса жағалай мал қуып келуге де уақыт табады.

- Ауылдың инвестициясы - мал. Шаруа құрылыс салса, техника алса, мал басын көбейтсе - өңірінің дамуына тигізген пайдасы. Округтердің жылдық бюджет шаруалардың маңдай терімен құралады, - дейді ауылдың баласы.

Садырбектің тағы бір сүйікті жұмысы - баспасөзге жазылу науқанына атсалысу. “Әкесі газет оқымаған бала кітап оқымайды” - деп есептейтін замандасымыз мерзімді баспа беттеріне жазылу кезінде округіндегі шаруашылықтарды, мекемелерді үндеп, аудан айнасы “Сырым елі” газетіне жаздырып жатады.

Округте пошташы жоқ. Бірақ, әкімдіктегі Садырбек, Гүлсезім секілді мамандар төл басылымды ауылдың әр үйіне жеткізуге бейіл. Ал, Абай атындағы білім шаңырағы, Көздіғара мектебі “Сырым елі” газетін қолдауға келгенде ылғи көштің алдында.

 

 Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале