10.03.2017, 14:34
Оқылды: 86

«Көктем-2017» оқу-жаттығуы өтті

  Бүгін облыс аумағында «Көктем-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жалғасуда. Екінші күні өтіп жатқан жаттығу шарасына облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев басшылық етуде.ЧС противопотопные действия

  Деркөл, Шаған өзендеріндегі судың қауіпті деңгейге көтерілуі себебінен «Ивушка» балалар санаторийіне су басу қаупі төнді. Сондықтан төтеншеліктер белгіленген тәртіп бойынша шұғыл эвакуация шарасын ұйымдастырды. Оқиға орнына азаматтық қорғау күштері мен құралдары жедел жұмылдырылды. Соның ішінде қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік, медицина қызметтерінің, энергетика, газбен қамту қызметтерінен электр, газ желілеріндегі апатты қалпына келтіру бригадалары мен техникалары, төтенше жағдайлар департаментінің тиісті құрамы, апаттық медициналық орталығының мамандары және БАҚ өкілдері тартылды. Оқиға орнына келген техника тізбегін ішкі істер департаментінің жол патрульдік полиция қызметі бастап келді. Төтенше жағдайлар департаментімен жедел штаб құрылып, күштер мен құралдардың іс-әрекеті үйлестірілді.

  Алдымен санаторий ғимаратынан шығарылған балалар автобусқа отырғызылар алдында тізіммен тексерілді. Абайсызда жарақат алған тәрбиеленуші жедел құтқару жасағымен мамандандырылған медициналық көмек көрсету көлігіне жеткізіліп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Тиісті қызметтердің құрамдары әрқайсысы өз жұмыстарын мінсіз орындауға кірісті. Міне, осындай сүйкімсіз «қойылымды» ойнаған әрі ойнау арқылы жаттыққан төтеншеліктер мен тиісті қызмет құрамдары жаттығуды одан әрі Деркөл өзенінде жалғастырды. Өзеннің ағын арнасы бұрылысында мұз кептелісін болдырмау мақсатында төтеншеліктер мұз ою жұмыстарын жүргізуде. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мұзды электрлі арамен кесіп жатқан бригада жұмысымен танысты.

  -Оқу-жаттығуға облыс бойынша 10 мыңнан астам адам, 2 мыңдай техника жұмылды. Жаттығу барысында практикалық дағдыларды қалыптастырудың барлық шаралары өткізіледі. Көктемгі сең жүру кезінде су ағынына тосқауыл болмас үшін Деркөл, Шаған өзендерінен 5 мың шаршы метр болатын мұз ойықтары ойылды. Наурыз айынының ортасына таман күн салқындайды, Сондықтан ойықтардың орнының жиі болуын қарастырудамыз. Одан басқа да жоспарлы шаруалар атқарылуда. Облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылған қызмет құрылымдары көктемгі су тасқынын аман-есен өткізуге дайын, - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев.ЧС учения

  Деркөл ауылындағы мәдениет үйі «Ивушка» санаторийінен эвакуацияланған балаларды қабылдауға дайындалған. Залға 16 керует қойылған. Автобуспен әкелінген санаторий тәрбиеленушілері тіркелуден өтіп, қабылдануда. «2011 жылғы су тасқыны кезінде бұл жерде 100 шақты адамды қабылдадық. Бір залда - 40, екіншісінде 60 адам орналасты. Биыл ондай қауіп жоқ. Бұл тек жаттығу ғана, - деді Орал қалалық әкімідігінің әкімшілік аумақтық даму бөлімінің басшысы Шынболат Теміржанов. Мәдениет үйінің бір бөлмесі медиицналық пунктке айналған. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бірінші кезектегі қажетті азық-түлік түрлерін әкеліп қойған.

  Бұдан әрі жоспарлы шара Оралдан 16 шақырым жердегі Ветелки ауылы маңында жалғасты. Облыс әкімінің орынбасары қар суын ұстап қалуға арналған бөгетті көтеру жұмыстарының барысын көрді. 2011 жылы су тасқыны орын алған кезде оны су жырып кеткен-ді. Сол жағдай қайталанбас үшін оның осал тұсы нығыздалуда. Бұған 70 шақты адам, 4 техника жұмылған. Соның ішінде №5517 әскери бөлім жасағы, «Орал жасыл қала» мекемесінің жұмысшылары еңбек етуде.

  -Биылғы көктемгі су тасқынынан келер қауіп жоқ. Алайда Орал қаласының тұрғындары тазартылған көшелерге аулаларындағы қарын шығарып төгуде. Енді сол қар төгінділері еріп, жеке үйлердің аулаларына толуы ықтимал 2-3 көше бар. Қазір сол көшелерді тазарту қолға алынған. Одан басқа көшедегі су жүретін арықтар да тазартылды, - облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев.

  Сонымен, облыс аумағында өткен оқу-жаттығу көктемгі су тасқыны кезеңіндегі ықтимал төтенше жағдайларды жоюға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің, күштері мен құралдарының үйлесімді әрі жедел іс-әрекет жасай алатындығын байқатты.

Гүлбаршын Әжігереева

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале