23 маусым – Полиция күні
Орал қаласында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, тәртіп сақшылары мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Өңір басшысы өз сөзінде полиция қызметі қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі екенін атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесі мемлекет тұрақтылығының берік негізі мен кепілі екендігін үнемі ерекше атап өтеді. Кейінгі жылдары ішкі істер құрылымдарында кең көлемді және жүйелі реформалар жүргізілді. Бұл өзгерістер полиция қызметіне оң ықпалын тигізіп келеді. Наурыз айында халық болып қабылдаған жаңа Конституциямызда да келешекке сеніммен қадам басуға мүмкіндік беретін құқықтық берік негіз қалыптасты. Ал оның орындалуы және қорғалуы жолында тәртіп сақшыларының атқарар қызметі де, арқалар жүгі де салмақты. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде: «Қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді. Азаматтарымыз сіздерге мемлекеттің, яғни биліктің өкілі ретінде қарайды. Қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді. Сондықтан сіздерге әрдайым орасан зор жауапкершілік жүктеледі», – деп атап өткен еді. Сондықтан тәртіп сақшыларына үлкен жауапкершілік жүктелген. Бүгінде облыстың ішкі істер құрылымдарында қызмет ететін екі мыңнан астам полиция қызметкері өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Қылмыстарды ашу және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті республика бойынша үздік үштіктің қатарында тұр, – деді облыс әкімі өз құттықтауында.

Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – стратегиялық басымдық болса, құқық қорғау саласының тиімділігін арттыру мен материалдық-техникалық базасын нығайту – маңызды міндет. Осы мақсатта облыстық полиция департаментінің аутопаркін жаңарту үшін жергілікті қазынадан да қомақты қаражат қарастырылған. Кейінгі үш жылда халықтың күнделікті өмірін қамтамасыз ететін маңызды салалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 15 млрд теңгеден астам қаржыға 1 мыңға жуық арнайы техника сатып алынса, соның 331-і тәртіп сақшыларына табысталды. Былтырдың өзінде облыстық бюджет комиссиясының шешімімен 935 млн теңге бөлініп, 66 аутокөлік сатып алынды. 2024-2026 жылы саланы материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде тек қызметтік аутокөліктер ғана емес, басқа да қажетті жағдайлар жасалған.
Өңірде барлық ауданда жедел басқару орталықтары құрылып, соңғы екі жылда 400 бейнебақылау камерасы орнатылды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, қосымша қаржы бөлінді. Сондай-ақ полиция бөлімдерінің ғимараттарын жөндеу, заманауи техникамен қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. Облыс әкімі Орал қаласындағы Абай полиция бөлімінің жаңа әрі жайлы ғимаратқа көшуіне жағдай жасалғанын да атап өтті. Салтанатты іс-шара барысында полиция департаментінің басшылығы да әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, полицияның ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталды. Сонымен қатар қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының ерлігі еске алынып, олардың есімі әрдайым құрметпен аталатыны айтылды.
Кәсіби мерекеге арналған іс-шара барысында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар полиция қызметкері марапатталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен облыстық полиция департаменті күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сәбит Казеновке мерзімінен бұрын «полиция полковнигі» арнаулы атағы берілді. Сондай-ақ полиция майорлары Ильвир Тулясов (суретте) пен Нұрлан Бисенғалиевке мерзімінен бұрын «полиция подполковнигі» атағы табысталды. Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Руслан Сейталиевтің де шені өсіп, полковник погонын тақса, тәртіп сақшылары Жангүл Бисембиева мен Марат Құрманов «полиция майоры» атанды.
Марапаттау рәсімімен қорытындыланған іс-шарада құқық қорғау саласы қызметкерлеріне ізгі тілектер айтылды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»