
Сурет: istockphoto.com
Ересектерге тегін салынатын вакциналар
Дифтерия мен сіреспеге қарсы екпе
Денсаулық сақтау министрлігінің "Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы" Иммундық профилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева бұл ересек қазақстандықтар ала алатын негізгі профилактикалық екпелердің бірі екенін айтады.
Ересектерді дифтерия мен сіреспеге қарсы міндетті ревакцинациялау жоспарлы түрде 16 жаста, содан кейін өмір бойы әр 10 жыл сайын жүргізіледі. Бұл Қазақстан емханаларында жасалатын тегін екпе.
Емханалар жыл сайын осы жас тобына кіретін пациенттердің тізімін жоспарлап, кейін адамдарды вакцинацияға шақырады.
Қызылша, қызамық және паротитке қарсы екпе
Егер адам қандай да бір себептермен бұл екпені балалық немесе жасөспірім шағында алмаған болса, онда ол қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы толықтырушы вакцинациядан өте алады, бірақ бұл тек эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылады.
"Әдетте дәрігерлер өткізіп алған екпелерді бала 18 жасқа толғанға дейін жасауға тырысады. Ересектерді тек қызылшамен ауырған адаммен байланыста болған жағдайда ғана тегін вакцинациялауы мүмкін. Бұл әдетте аурушаңдық деңгейі көтерілген кезеңде орын алады", - дейді дәрігер.
Вакцинация екі жағдайда жүргізілуі мүмкін:
- науқаспен байланыста болған адамның екпе алмағаны анық белгілі болса;
- олардың бала кезінде вакцина алған-алмағаны нақты белгісіз болса.
Нұршай Әзімбаева толықтырушы вакцинаны тек 30 жасқа дейінгі ересек қазақстандықтар алатынын айтады. Бұдан үлкен жастағы адамдар қызылша, қызамық немесе паротитті өте сирек жұқтырады деп есептеледі. Оларда, әдетте, бұл ауруларға қарсы антиденелер қалыптасқан және олар қорғалған деп саналады.
В гепатиті вирусына қарсы екпе
Бұл - ересектерге тек көрсеткіштер бойынша жасалатын тағы бір вакцина. Оған 15 жастан асқан пациенттер В гепатитіне алдын ала диагностикадан өткеннен кейін және диагноз расталмаған жағдайда жіберіледі.
Екпені келесі тұлғалар ала алады:
- бұрын екпе алмаған, бірақ гепатитпен ауыратын адаммен байланыста болғандар;
- медицина қызметкерлері;
- медициналық колледж бен ЖОО студенттері;
- қан құйылғаннан кейінгі адамдар;
- алғаш рет анықталған АИТВ-инфекциясын жұқтырғандар;
- онкогематологиялық науқастар және кейбір басқа пациенттер.
Тұмауға, құтыруға, кене энцефалитіне қарсы екпе
Бұл екпелердің барлығы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша және тек белгілі бір халық топтарына немесе ерекше жағдайларда жасалады.
Мысалы, тұмауға қарсы - медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдерге, қарттарға және созылмалы аурулары бойынша есепте тұрған адамдарға.
Құтыруға қарсы - жануарлар тістеп алғаннан кейін немесе қаңғыбас жануарларды аулау ұйымдарында жұмыс істейтін адамдарға.
Кене энцефалитіне, сібір жарасына, туляремияға, обаға және басқа да инфекцияларға қарсы - осы инфекцияларды жұқтыру қаупі бар эндемиялық аймақтарда тұратын және жұмыс істейтін адамдарға.
Жоғарыда аталған вакциналардың барлығы тіркелген жері бойынша мемлекеттік емханаларда тегін жүргізіледі. Вакцинация алдында медицина қызметкерінің тексеруінен өту және ақпараттандырылған келісім беру міндетті.
Ересектерге ақылы түрде жасатуға болатын вакциналар
Менингококк инфекциясына қарсы екпе
Нұршай Әзімбаева бұл екпені көбінесе Қажылыққа баратын зияратшылар жасататынын айтады - вакцинаның болуы Сауд Арабиясы Корольдігінің талабы.
"Сондай-ақ екпені иммунитеті төмен, инфекциядан асқыну қаупі бар немесе менингит жұқтыру қаупі жоғары адамдар да алады", - дейді спикер.
Пневмококк инфекциясына қарсы вакцина өкпенің созылмалы ауыр аурулары бар пациенттерге және қарт адамдарға ұсынылады.
Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация
Қазіргі уақытта 11 жастан 18 жасқа дейінгі қыздар адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинаны тегін ала алады.
Әзімбаева қазір бұл вакцинаның жекеменшік егу орталықтарында қолжетімді екенін түсіндіріп, оны барлық бойжеткенге, әсіресе жыныстық қатынасқа түскенге дейін салдыруға кеңес береді. Қазіргі уақытта ұл балалардың аналары да ұлдарын вакцинациялағысы келеді - мұны да ақылы негізде жасауға болады.