«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді халқымыз. Алайда бүгінгі қоғамға көз жүгіртсек, қателесуден қорқатын жастардың қатары көбейіп бара жатқандай. Олар әр қадамын ойланып басады, ойын ашық айтуға жасқанады, тіпті арманына қарай ұмтылуға да батылы жетпей жатады.

Қазіргі жастардың өмірі үздіксіз бәсекеге толы. Мектепте жақсы оқу, олимпиадаларда жеңіске жету, ҰБТ-дан жоғары балл жинау, түрлі байқауларға қатысу - бәрі маңызды. Бұған қоса, әлеуметтік желілердегі «мінсіз өмір» бейнесі де жастарға психологиялық қысым түсіреді. Өзгенің жетістігін ғана көрген жас «мен қателессем ше?» деген қорқыныштың құрсауында қалады.
Көптеген оқушылар сабақта жауабын білсе де, қол көтеруге ұялады. Себебі қате жауап беріп, күлкіге қаламын деп қорқады. Кейбір жастар жаңа жобаны бастауға тәуекел етпейді, ал енді бірі өз арманының соңынан ермей, өзгелердің пікіріне тәуелді болып өмір сүреді. Мұндай қорқыныш адамның мүмкіндігін шектейді.
Ал шын мәнінде, қателік - жеңіліс емес, тәжірибе. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген. Бұл сөздің астарында тек білім ғана емес, өмірлік тәжірибеден сабақ алу да жатыр. Әлемге танылған ғалымдар, кәсіпкерлер мен спортшылардың жетістіктеріне назар аударсақ, олардың ешқайсысы алғашқы қадамнан-ақ жеңіске жеткен жоқ. Олар талай рет сүрінді, бірақ әр қателігінен сабақ алып, қайта көтерілді. «Еңбек түбі - береке», «Сабыр түбі - сары алтын» деген халық даналығының мәні де осында.
Өкінішке қарай, қоғамда бір қателік үшін адамды қатты сынау, кемшілігін бетіне басу жиі кездеседі. Мұндай көзқарас жастардың өзіне деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан біз қателікті ұят емес, өсудің баспалдағы ретінде қабылдауды үйренуіміз керек. Себебі қателеспейтін адам өспейді, дамымайды.
Қорытындылай келе, бүгінгі жастарға мінсіз болуға емес, дамуға ұмтылу маңызды. Қателік – әлсіздіктің емес, әрекет етудің белгісі. Ендеше, әрбір сәтсіздікті өмірдің сабағы деп қабылдап, жаңа мүмкіндіктерден қорықпайық. Көш жүре түзеледі демекші, ең бастысы - тоқтап қалмай, алға қадам басу.
Дана Талапова,
А.Оразбаева мектебінің түлегі,«Алтын белгі» иегері