Бәйтерек ауданында «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидалары негізінде 2026-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына сәйкес, тұрғындардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жиын өтті.

Басқосуға аудандық білім беру, полиция бөлімдерінің өкілдері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен пробация есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Жиынды ашқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бағдат Халденов азаматтар үшін арнайы оқыту шаралары ұйымдастырылғанын атап өтті. Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының өңірлік үйлестірушісі Анархан Құттығалиева жобаның басты мақсаты несие ауыртпашылығын жеңілдету және төлем қабілетін қалпына келтіруге жәрдемдесу екенін жеткізді. Оның мәліметінше, жалпы қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша өңірде 27 мың адам курстан өтіп, 13 мың тұрғынның банктегі шоттары бұғаттаудан ашылды, сондай-ақ 321 адамның төлем қабілеті қалпына келтірілді.

Аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Азат Тоқтағұлов интернет алаяқтықтың алдын алу шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Ол телефонға банктер мен байланыс операторларынан келген SMS кодтарды ешкімге айтпауды, жеке мәліметтер мен банктік шот, карта деректерін ешкімге жібермеуді ескертті. Тәртіп сақшысы банк карталарын үшінші тұлғаларға бермеуді, бейтаныс көздерден өз атына ақша аударымдарын қабылдамауды, интернет-дүкендерден тауар алмас бұрын олардың рейтингін тексеруді сұрады. Сонымен қатар күмәнді сілтемелерге өтпей, күдікті нөмірлерден қоңырау қабылдамау қажеттігін және Egov порталы арқылы өз атына несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салуды орнату маңызды екенін атап өтті.
Гүлжан Серікова,
Бәйтерек ауданы