Қазталов ауданы орталығында орналасқан Қарасу тоғанында балық қырылып жатыр. Ауа райы жылынғанымен тоғандағы мұз әлі де болса жаппай ери қоймаған. Еріген жағалауға ауа жетпеген балықтар шығып, өліп жатыр.
Ауыл тұрғындарынан құрылған еріктілер тобы қалың мұзды ойып, тоғандағы балықтардың дем алуына жағдай жасап жатыр.
-Үш-төрт жылдан бері Қарасу тоғандағы балықтарға ауа бару үшін ойықтар оямыз. Кешеден бері жағаға шыққан балықтарды аулап алып, Сарыөзен өзеніне апарып салудамыз. Азғантай болса да балықтарды аман алып қалайық деп жасаған амалымыз. Бірақ бұнымен мәселе шешілмейді. Бұл жағдайға кім жауапты? Жазда осы тоғаннан шабақ аулағаны үшін кейбір тұрғындарға айыппұл салған құзырлы органдар қазір қайда қарап отыр? Осы мәселені шешу үшін құзырлы органдар тарапынан көмек болса деймін. Шешу жолдарын бірігіп қарастырайық. Бұл мәселе баршамызға ортақ емес пе?- деген ренішін білдірді Қазталов ауылының тұрғыны Серікбай Малаев.
Қайрат ЖАҚЫП
Қазталов ауданы