30.06.2026, 10:00
Оқылды: 11

Аралық қорытындылар: 340 мың рет негізгі ҰБТ тапсырылды

2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі ҰБТ 340 мыңға жуық рет тапсырылды. Талапкерлердің 73%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 27%-ы орыс тілінде және 522 рет ағылшын тілінде тапсырды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жазды. 

_gluster_2026_1_9_52d1c904359e31be5b49c7b0e87c967b_1280x720

Жетінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 66 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 765 талапкер қатысты.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің жеті аптасында 715 ереже бұзушылық анықталды. 422 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 286 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетсек, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале