29.06.2026, 17:00
Оқылды: 9

Курстан кейінгі қолдау – педагогтің кәсіби дамуының маңызды кезеңі

«Өрлеу» БАҰО» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша КДИ» филиалының 2025–2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспарына сәйкес 29 маусым күні алғаш рет «Біліктілікті арттыру курстарынан кейінгі сүйемелдеу – ККҚ нәтижелерін педагогикалық практикаға енгізу тетігі» тақырыбындағы әдістемелік хакатон ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2026-06-29 at 16.48.45

Бүгінде педагогтердің біліктілігін арттыру тек курстар өткізумен шектелмейді. Курстан кейінгі қолдау жұмыстары педагогтердің алған білімдері мен кәсіби құзыреттерін тәжірибеге тиімді енгізуге, кәсіби қиындықтарды бірлесіп шешуге және үздік тәжірибелерді таратуға мүмкіндік береді.

Алғаш рет өткізілген әдістемелік хакатон Zoom платформасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылып, облыстың білім беру ұйымдарынан 250-ге жуық педагогты қамтыды. Іс-шараға 2025–2026 оқу жылында біліктілікті арттыру курстарынан өткен педагогтер қатысып, курстар барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын тәжірибеге енгізу мәселелерін талқылады.

Хакатон барысында қатысушылар топтық жұмыс форматында курстан кейінгі қолдауға қатысты өзекті мәселелерді анықтап, олардың себептерін талдады және тиімді шешу жолдарын ұсынды. Әр топ практикалық маңызы бар әдістемелік өнімдер әзірлеп, педагогикалық практикада қолдануға болатын нақты ұсыныстарын таныстырды. Әдістемелік өнімдер қатарында чек-парақтар, алгоритмдер, сабақ үлгілері, әдіс-тәсілдер жинақтары, идеялар банкі, презентациялар мен инфографикалар ұсынылды.

Питчинг-сессия барысында қатысушылар өз жобаларын қорғап, мәселені айқындау, шешу жолдары, тәжірибеде қолдану тетіктері және күтілетін нәтижелері жөнінде таныстырылым жасады. Ұсынылған жұмыстар практикалық маңыздылығы, енгізудің қарапайымдылығы, заманауи тәсілдерге сәйкестігі және әріптестерге пайдасы тұрғысынан бағаланды. Дауыс беру Slido платформасы арқылы ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенді қатысуына мүмкіндік берді.

Әдістемелік хакатон педагогтердің кәсіби ынтымақтастығын нығайтып, курстан кейінгі сүйемелдеудің тиімді тетіктерін айқындауға және ККҚ нәтижелерін педагогикалық практикаға енгізудің нақты жолдарын белгілеуге ықпал етті.

Жыл соңында аталған хакатонның қорытынды кезеңін офлайн форматта өткізу жоспарланып отыр. Бұл кезеңде үздік тәжірибелер ұсынылып, тиімді әдістемелік өнімдер таныстырылып, өңір педагогтерінің кәсіби қауымдастығын дамытуға бағытталған жаңа бастамалар жүзеге асырылатын болады.

 

И.Бадакова,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО бойынша КДИ»

филиалының баспасөз хатшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале