Орал қаласындағы «Park Hotel» мейрамхана және қонақүй кешенінде волонтерлер мен экобелсенді жастардың басын қосқан «ECOTHON» облыстық экологиялық жобалар байқауы өтті. Экологиялық бастамаларды қолдауға бағытталған ауқымды іс-шараның ұйымдастырылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас ассамблеясының 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялауы себеп болды.

Байқаудың мақсаты – өңірдегі волонтерлік қозғалысты дамыту, жастардың экологиялық бастамаларын қолдау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инновациялық жобаларды анықтау. Іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Батыс-Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде волонтерлік қозғалысты дамыту бағытында түрлі іс-шара тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі байқауға 15 команда қатысуда. Олардың арасынан үздіктер анықталады. Волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін беретін мұндай алаңдар ұйымдардың өзара тәжірибе алмасып, тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да бұл жобаның жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өткізілуі жоспарлануда, – деді іс-шараның ашылуында облыстық қоғамдық даму басқармасының бас маманы Қайырғали Төлеген.
«ECOTHON» байқауы экология саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тың идеялар мен жобаларды әзірлеп, оларды тәжірибе жүзінде ұсынуға мүмкіндік беретін командалық алаңға айналды. Қатысушылар өз білімдері мен шығармашылық әлеуетін екі кезең бойынша сынға салды.
Алғашқы кезең – «Экошешім» экспресс-хакатонында командаларға экологиялық мәселе ұсынылып, оны шешуге арналған жобаларды әзірлеуге 30 минут уақыт берілді. Қысқа мерзім ішінде қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тың ұсыныстарын дайындап, қазылар алқасының алдында қорғады. Ал екінші кезең – «EcoChallenge» барысында командалар практикалық кейстермен жұмыс істеді. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаған қатысушылар өз шешімдерін ұсынып, олардың тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеуге тырысты.
Байқауға «Орал қаласының ботаникалық бағы» ЖШС-ның басшысы Қайрат Каримов, облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Алматай Жұмағазиев және «Орал Таза Сервис» ЖШС басшысының орынбасары Жасқайрат Бердашев қазылық етті.
Жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған байқау қатысушылардың жаңашыл ойларын ортаға салып, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне бейжай қарамайтын белсенді азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етті. Мұндай бастамалар экологиялық жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, өңірдегі маңызды мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалардың дүниеге келуіне жол ашады.
– Мен - «Жас өскін» еріктілер клубының мүшесімін. Осы байқауға командамызбен бірге қатысып, бақ сынауға келдік. Мұндай ауқымды іс-шарада өзіміз атқарып жүрген жұмысымызды таныстырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып отырмыз. Біздің команда бес оқушыдан құралған, ал капитаны өзіммін. Дайындықты нақты бір уақыт аралығында жүргіздік деп айта алмаймын. Себебі табиғатты қорғау, туған жерге жанашырлық таныту – күнделікті өміріміздің бір бөлігі. Сондықтан біз еліміз бен қоршаған ортаны қорғауға әрдайым дайынбыз, – деді Орал қаласындағы №19 орта мектептің 11-сынып оқушысы Азиза Тілеген.

Байқау нәтижесінде Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің командасы 1-орынды (300 000 теңге) жеңіп алса, Ақжайық ауданы Чапаев ауылындағы М. Әуезов атындағы №2 ЖОББМ тобы 2-орынға (200 000 теңге) табан тіреді. Ал Ақжайық ауданының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен облыстық экологиялық-биологиялық орталығы 3-орынға (100 000 теңге) ие болды.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»