«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі 2026 жылдың алғашқы алты айында ұлттық тасымалдаушы пойыздарымен 6 миллионнан астам жолаушы сапарлағанын хабарлайды.

Фото: PR_KTZh
Жолаушылар ағыны дәстүрлі түрде еліміздің ірі қалаларына тиесілі болды. Жолаушыларды жөнелту көлемі бойынша 993 мың адаммен Алматы қаласы көш бастап тұр. Екінші орында 855 мың жолаушымен Астана қаласы орналасса, Шымкенттен 393 мың жолаушы тасымалданды. Өңірлер бойынша да көрсеткіш жоғары: Ақтөбе облысынан 615 мың, Абай облысынан 413 мың, Қарағанды облысынан 390 мың, Қызылорда облысынан 366 мың және Жамбыл облысынан 286 мың жолаушы пойыз қызметін пайдаланған.
Теміржол тасымалына сұраныс әсіресе жазғы маусым мен мереке күндері арта түседі. Осыған байланысты компания биылғы жазда 15 қосымша теміржол бағытын ұйымдастырып, 4 қосымша «Тальго» пойызын және 3 қала маңы пойызын іске қосты. Қосымша құрамдар мен тіркеме вагондар негізінен Достық станциясына қатынайтын (Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда, Павлодардан) бағыттарда жүріп жатыр. Сонымен қатар Алматы — Астана, Астана — Шымкент, Ақтөбе — Астана, Қарағанды — Балқаш және Алматы — Семей бағыттарындағы сұраныс жоғары пойыздарда орын саны көбейтілді.
Билет тапшылығы кезінде жолаушылар босаған орындарды сатып алуға мүмкіндік беретін «Күту парағы» қызметін пайдалана алады. Бұл сервис ресми сайтта және барлық кассада қолжетімді. Жыл басынан бері осы қызмет арқылы жолаушыларға 84 мыңнан астам бос орын ұсынылып, нәтижесінде 28 мыңнан астам билет рәсімделді. Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан, кассалардан немесе мобильді қосымшалардан сатып алуға болады. Ал қосымша ақпаратты 1433 тегін байланыс нөмірі немесе компанияның әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы білуге мүмкіндік бар.