Орал қаласындағы Достық үйінде «Әділет» партиясы облыстық филиалының конференциясы өтіп, алдағы қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданды. Конференция жұмысына партия мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа дәуір» атты Үндеуі және жаңа Конституцияның қолданысқа енуі, мемлекет дамуының маңызды кезеңі екені, сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңыздылығы айтылды.
Конференцияның күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының басқару құрылымдарын қалыптастыру болатын. Ашық дауыс беру нәтижесінде облыстық филиалдың басшысы болып Бауыржан Бектұрған сайланды. 1980 жылы өмірге келген ол әр жылдары Қазақтың гуманитарлық-заң университетінде (Астана), Ресейдің халықтар достығы университетінде (Мәскеу) және Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде оқып, үш бірдей жоғары білім алған.
Мамандығы бойынша заңгер, жалпы және стратегиялық бағыт бойынша менеджмент магистрі, мұнай-газ құбырлары мен мұнай қоймаларын жобалау және пайдалану маманы. Б. Бектұрған 2001-2026 жылдар аралығында «ССС-Saipem», «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор», «КМГ Қашаған б. в.», «СПК АҚЖАЙЫҚ», «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» және «DAMEX SOLUTION» сықылды мекеме-кәсіпорындарда жауапты және басшылық қызметтер атқарған.
Бауыржан Оңталапұлының қоғамдық-саяси қызметтегі және өндірістік басқару саласындағы жинақтаған тәжірибесі партияның өңірлік филиал жұмысын жүйелі жолға қоюға оң ықпал етеді деген сенім білдірілді. Жаңа қызметінде ол партияның бағдарламалық мақсат-міндеттерін жүзеге асыруды үйлестіріп, филиалдың қызметін тиімді ұйымдастыруға, өңір тұрғындарымен байланысты нығайтуға және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға басшылық етпек.
Жиын барысында облыстық филиалдың саяси кеңесінің құрамы да бекітілді. Кеңес құрамына шағын және орта бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, азаматтық қоғам институттары, бұқаралық ақпарат құралдары мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген өзге де салалардың тәжірибелі өкілдері енді. Бұл кеңестің қызметі қоғамның түрлі топтарының пікірін ескеруге және өңірдің өзекті мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар партияның бақылау-тексеру комиссиясының құрамы сайланды. Оның құрамына экономика, қаржы, бухгалтерлік есеп, құқық және басқару салаларында мол тәжірибесі бар кәсіби мамандар енді.
Конференция қорытындысы бойынша облыстық филиалдың барлық басқару құрылымдары толықтай жасақталды. Жақын арада филиал өңір тұрғындарымен жүйелі жұмыс істеуге, партиялық бастамаларды жүзеге асыруға, сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасауға кіріспек ниетте.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»