7.07.2026, 11:30
Оқылды: 21

Әділдікке адал қызмет

Жақында шаһардағы А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрда Судьялар мен сот қызметкерлері  күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

DSC06917

Мерекелік жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық соттың төрағасы Азат Ізбасаров және сала ардагерлері, құқық қорғау және мемлекеттік құрылымдардың басшылары қатысты. Іс-шара шымылдығы мемлекеттік Әнұранмен түрілді. Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ақжарма тілегін жеткізіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының бастамасымен және ел-жұрттың қолдауымен жүзеге асқан Конституциялық реформалар еліміздің дамуына серпін бермек. Жаңарған Ата заңымыз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуді, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және әділетті қоғамды құруды басты мақсат етеді. Билік тармақтарының тепе-теңдігі нығайып, Конституциялық соттың қайта құрылуы – елімізді демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде дамыту жолындағы жүйелі қадам болды. Әсіресе әкімшілік соттардың құқықтық мәртебесінің айқындалуы, жария құқықтық дауларда азаматтардың мүддесін қорғаудың пәрменді құралына айналды. Ел Президенті қуатты әрі тәуелсіз сот жүйесінің құқықтық үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру ісінде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Бүгінгі сот билігі – Конституция мен заңдардың берік қорғаны. Ал судьяның тәуелсіздігі мен бейтараптығы – әділ сот төрелігінің басты кепілі. Әділдік жолы – тарихымыздағы хандар мен билер заманынан бастау алып, халқымыздың болмысына етене сіңген асыл құндылық. Сондықтан жұртшылықтың сот жүйесіне, жалпы мемлекетке деген сенімі сіздердің әр қабылдаған шешімдеріңіздің әділдігіне, кәсіби біліктіліктеріңіз бен адамгершілік ұстанымдарыңызға тікелей байланысты. Сіздер тек заң үстемдігін қорғап қана қоймай, әрбір істің артында тұрған адам тағдыры үшін үлкен жауапкершілік арқалап келесіздер. Осынау маңызды әрі жауапты миссияны абыроймен атқарып жүрген сот жүйесінің барлық қызметкеріне, сала ардагерлеріне қажырлы еңбектері мен өз кәсібіне адалдықтары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді өңір басшысы құттықтауында.

Облыстық соттың төрағасы Азат Ізбасаров әріптестерін мерекемен құттықтап, судья мен сот қызметкерінің қызметі құқықтық білімді ғана емес, жоғары жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

– Биылғы кәсіби мерекенің мәні ерекше. Өйткені елімізде жаңа Конституция күшіне еніп, мемлекетіміздің құқықтық дамуындағы жаңа кезең басталды. Жаңа Конституция – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, заң үстемдігін нығайтуды, тәуелсіз соттың рөлін одан әрі күшейтуді көздейді. Бұл өзгерістер – әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Осындай маңызды реформалар сот жүйесіндегі жауапкершілікті бұрынғыдан да арттыра түседі. Әріптестер, сіздердің әрқайсыңыз қоғамның сотқа деген сенімін нығайтуға үлкен үлес қосып келесіздер. Осындай жауапты қызметте табандылық танытып, жоғары кәсіби біліктілік қасиеттеріңізді әркез дәлелдеп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін! Отбасыларыңызға бақ-береке, қызметтеріңізге сәттілік пен толайым табыстар тілеймін! – деді облыстық соттың төрағасы.

Одан кейін облыс әкімі сала ардагерлері мен қызметкелеріне алғысхаттар табыстады. Салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен өңір басшысы Нариман Төреғалиев марапатталды.

DSC06958

ҚР Президентінің 2026 жылдың 9 маусымындағы Жарлығына сәйкес облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тұрсын Оразова, облыстық соттың судьясы Гүлмира Өтепқалиева құрметті доғарысқа шықты. Жиын барысында облыс әкімі Нариман Төреғалив пен облыстық соттың төрағасы Азат Ізбасаров саналы ғұмырын сот жүйесіне арнаған қос азаматшаға гүл шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар құрметті доғарысқа шыққан саланың аталмыш ардагерлеріне Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры атынан да құттықтаухат пен гүл шоқтары ұсынылды. Содан кейін Тұрсын Сапашқызы Судьялар мен сот қызметкерлерінің мерекесіне орайластырылған салтанатты іс-шарада ұзақ жылдық еңбегін елеп, құрметке бөлеген барша жанға алғыс айтты. Тұрсын Оразова еңбек жолын Жымпиты аудандық халық сотында сот отырысының хатшысы болып бастап, әр жылдары өңірдегі түрлі сот жүйесінде қызметтер атқарды. 2022 жылдан бастап облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жетекшілік етті. Судьялық қызметтегі жалпы еңбек өтілі – 28 жыл. Ал облыстық соттың судьясы болған Гүлмира Өтепқалиева еңбек жолын Орал қаласының №2 сотында бастап, 2022 жылдан облыстық соттың судьясы қызметін атқарып келді. 29 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Салтанатты іс-шарада ҚР сот жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан судьялар мен сот қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етілді. Одан кейін жиын мерекелік  бағдарламаға  ұласты.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале