Астана күні - ел тарихындағы айрықша маңызға ие мерекелердің бірі. Бұл - тәуелсіз Қазақстанның жетістігін, халықтың бірлігі мен мемлекетіміздің жарқын болашағын айшықтайтын ерекше күн. Осы мерейлі мерекеге орай ауданымызда салтанатты мәдени іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.

Салтанатты жиында Астана қаласының ел өміріндегі орны ерекше екені кеңінен айтылды. Бүгінде бас қала - сәулетті ғимараттары мен көрікті көшелері арқылы ғана емес, ел тәуелсіздігінің, жасампаздықтың, бейбітшілік пен келісімнің символына айналған. Жыл өткен сайын көркейіп, қанатын кеңге жайып келе жатқан елорда - халқымыздың мақтанышы, мемлекетіміздің қуаты мен дамуының айқын көрінісі.

Мерекелік шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбеков тұрғындарды Астана күнімен құттықтап, елорданың өркендеуі - бүкіл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің айғағы екенін атап өтті.
- Осынау мереке қарсаңында Ел Президенті жаңартылған Ата Заңымызды күшіне енгізді. Бұл тарихи құжат еліміздің Тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, білім мен ғылым, озық технологиялар ғасырында бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамуымызға жол ашады.
Астана - еліміздің жүрегі, тәуелсіздік тұғыры. Дәл осы қалада еліміздің болашағына қатысты жаһандық маңызы бар шешімдер қабылданып, жүзеге асырылуда.
Жергілікті ақын ағамыз Адақ Танабайұлы жырлағандай:
«Шыңғырлауым – сәнді өлкем,
Бар ма сендей жер көркем» - деп әнге қосамыз. Иә, туған жеріміз Шыңғырлау да күн санап көркейіп, жаңару үстінде. Аудан халқының игілігі үшін маңызды жобалар мен өзгерістер жүзеге асырылуда. Ауданымыз өркендей берсін! Еліміз аман, халқымыз тату болсын! Мереке құтты болсын, - деп түйіндеді Айбек Жаншаұлы.

Мерекелік кештің сәнін өнерпаздардың әсем әндері мен мың бұралған билері келтірді. Көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламада Сансызбай және Рысгүл Сұлтанғалиевтер «Астана вальсі» әнін орындаса, Қабдолла Аянат пен Қарақат «Таң сыры» шығармасын көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ, Асқар Елеусіннің «Арман қала», Ахат Қалиевтің «Есіл ағады», Айгерім Шалқарбаеваның «Астана» әндері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
«Жанерке» би тобы (жетекшісі Жанаргүл Баубекова) «Dance Monkey» биін билеп, сахнаға ерекше көрік берді. Бұдан бөлек, Рысгүл Сұлтанғалиева халық әні «Дүние-ай», Жанаргүл Баубекова «Жаным қалайды», Айдос Исекенов «Қазағым, қасиетінен айналайын», Әмірхан Жұбаниязов «Елімнің жүрегі - Астана», Данияр Арыстанов «Астана - Ақорда» әндерін орындап, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Концерт барысында орындалған әрбір ән мен әрбір өнер туындысы туған елге, қасиетті Отанға және айбынды елордаға деген сүйіспеншілікті паш етті. Көрермендер өнерпаздардың өнеріне ризашылықтарын білдіріп, мерекелік кешті зор ықыласпен тамашалады.

Астана күніне арналған салтанатты шара көпшілікке шаттық сыйлап, елдік рухты асқақтатты. Мерекелік кеш соңында ұйымдастырушылар әрбір шаңыраққа құт-береке, отбасыға амандық пен ынтымақ тілеп, Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры мәңгі биік, елордамыздың мерейі үстем, еліміздің болашағы жарқын болсын деген ақжарма тілектерін арнады.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы