8.07.2026, 14:30
Оқылды: 11

Жол сапасы – тұрақты бақылауда

Автомобиль жолдарының сапасы – ел экономикасының дамуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өңірлердің өзара байланысына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан бүгінде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау бұрынғыдан да күшейтіліп келеді. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

WhatsApp Image 2026-07-08 at 14.07.32 (1)

2026 жылдың басынан бері «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Батыс Қазақстан облыстық филиалы жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріндегі құрылыс, реконструкция, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 193 рет іріктемелі сараптама жүргізген. Оның ішінде 51 тексеріс жергілікті маңызы бар жолдарда, ал 142-сі республикалық маңызы бар автожолдарда ұйымдастырылды.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының бөлім басшысы Дәурен Манарбекұлы Әміровтің айтуынша, бақылаудың негізгі мақсаты – құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз етіп қана қоймай, кейіннен жолдың пайдалану мерзіміне әсер етуі мүмкін кемшіліктердің алдын алу.

– Әрбір құрылыс нысанында технологиялық талаптардың сақталуы, жобалық шешімдердің дұрыс орындалуы, пайдаланылатын материалдардың сапасы және құрылыс процесінің барлық кезеңі жіті бақыланады. Уақтылы жүргізілген бақылау кейінгі күрделі мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді бөлім басшысы.

Жол сапасын қамтамасыз ету бір ғана мердігер ұйымның міндеті емес. Бұл – жобалаушыдан бастап техникалық қадағалау мамандарына, зертхана қызметкерлеріне дейінгі бірнеше буынның ортақ жауапкершілігін талап ететін күрделі процесс. Сондықтан бақылау жұмыстары тек құрылыс аяқталған кезде ғана емес, жол салудың барлық кезеңінде жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, мұндай жүйелі бақылау мемлекеттік қаржының тиімді игерілуіне де оң ықпал етеді. Себебі құрылыс барысында анықталған кемшіліктер уақытылы түзетілсе, кейін жолды қайта жөндеуге кететін шығын азаяды.
Қазіргі таңда өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда іске асырылып жатқан жобалардың барлығы тұрақты бақылауға алынған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жол құрылысының сапасын арттыруға және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталмақ.

"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК

БҚО филиалының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале