Осыдан үш апта бұрын Сырым ауданының Аралтөбе ауылдық округіне іссапармен барып, жергілікті жұртпен жүздесіп қайттық. Бұл жиынға Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев пен Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Ержан Жонысов ұйытқы болды. Аралтөбелік ағайынмен емін-еркін әңгіме-дүкен барысында біз ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына мерзімді баспасөз өнімдеріне жазылу жүріп жатқандығын тілге тиек еттік. Биылғы 16 мамырда ҚР Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шыққандығын да айтып өттік.

– Біз, бәріміз – үлкеніміз-кішіміз, даладағы-қаладағымыз түгелдей, тегістей дені дұрыс, әділетті, парасатты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Парасатты қоғамды парасатты халық қалыптастырады. Ал парасатты халықты қалай қалыптастырамыз? Парасатты халықты көркем әдебиет пен арзан сенсация қумай, ақиқат ақпарат тарататын, аламанға дем беріп, алқа топты меңгеріп, қандай көкейкесті тақырыпты қаузаса да сауатты сараптап, салиқалы қоғамдық пікір қалыптастырып, қалың бұқараға дұрыс бағыт-бағдар көрсететін газет-журнал қалыптастырады.

Сондықтан да Мемлекет басшысы ел ішінде, халық арасында оқу мәдениетін жандандыруға ерекше назар аударуда, – дедік біз сөзіміздің басында. Сосын өз шаруамызды айта бермей, ауыл халқының орынды талап-тілегіне, өкпе-назына құлақ түруге де пейілді екенімізді алға тарттық.

Аралтөбеліктердің ортақ базынасын осы ауыл-аймақтағы ардагерлер ұйымының төрағасы Жәрдем Баймұқанов жеткізді.
– Баяғыдан бауыр басқан басылымымыз «Орал өңірі» газетінен іргемізді аулақ салмақ ойымыз жоқ. Әрине, жазыламыз, жазылып та жүрміз. Президентіміздің кітап оқу мәдениетін жандандыруға шақыруын да құптаймыз. Өйткені оқыған адамның көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек. Ондай кісі жөн сөзге тоқтайды, айналасындағы үлкен-кішіні жақсыдан үйренуге, жамандықтан жиренуге үндейді. Ал енді облыстық газеттің басшысының өзі ауылымызға келіп, көзімізге көрініп, қолымызға түсіп қалған екен, біз де айтарымызды айтып қалайық.
Жаңылмасам, 2023 жылдың күзі болса керек. Облысымыздың қазіргі әкімі Нариман Төреғалиев осы біздің ауылға, Аралтөбеге келіп алқалы жиын өткізді. Ол кісі жалғыз-жарым келген жоқ, облыстық басқармалардың басшыларын түгел ертіп келді. Сол жолы өңір басшысы біздің ауылдық округтің орталығындағы мектеп пен мәдениет үйіне күрделі жөндеу керектігін, амбулаторияның ғимараты апатты жағдайда екендігін, әлгіндей нысанды жаңадан салмаса болмайтындығын, ауылымызда спортзал жоқтығын, ұялы байланыстың нашарлығын және Аралтөбеге кіреберіс 1 шақырым жолды асфальттау да артықтық етпейтіндігін көріп кетті. Өңір басшысы осы мәселелердің біразының оңтайлы шешілуіне оң қабақ танытатындай рай байқатты. Облыстың бірінші басшысының ыңғайын байқағасын барша басқарма басшылары мектеп пен мәдениет үйіне күрделі жөндеу керектігін әрі амбулатория мен спортзал салу қажеттігін екі сөзге келмей құптады. Міне, содан бері үш рет құс келіп, құс қайтты. Бірақ әзірше өзгеріс болмай тұр. Облыстың бірінші басшысының назарындағы шаруа шаш-етектен, әрине. Біз мұны жақсы түсінеміз. Дегенмен де біздің ауыл-аймақтың мұң-мұқтажын облыстық газет арқылы облыс басшысының назарына және бір ұсынбақ ниеттеміз.

Тағы бір айтпағым, бүгіндері әбден тозығы жеткен электр сымдары жаңалануда.
Алайда «Естіген құлақта жазық жоқ» дегендей, естуімізше ескі-құсқы алты трансформатордың бірде-біреуі жаңартылмайды деседі. Демек, біз жарықтың жиі өшуінен әлі біржола құтыла алмаймыз-ау. Айтпақшы, аудан-ауылымыздағы атқамінер азаматтардың айтуынша, спортзал мен жаңағы кіреберіс бір шақырымдық жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайын көрінеді. Ең болмаса осыдан үш жыл бұрын айтылған бес-алты уәденің екі-үшеуі орындалса да, ауылымыздың біраз ажары кіріп қалар еді, – деп үкілі үмітпен сөзін түйіндеді Жәрдем ақсақал...
Файзолланың Бауыржаны,
«Орал өңірі»,
Сырым ауданы