«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 13 шілдесі сағат 09:00-ден бастап eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында жоғары оқу орындарының грант конкурсына өтінім қабылдау басталады.

Фото: zhaikpress.kz
Құжат тапсыру процесі 20 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Биыл жүйеге маңызды жаңарту енгізілді: енді платформа Ұлттық тестілеу орталығының базасы арқылы талапкерге гранттың конкурстан тыс тағайындалғанын автоматты түрде тексереді. Егер мұндай мәртебе расталса, жүйе бұл туралы бірден хабарлайды және талапкерге қайта өтінім берудің қажеті болмайды. Ал жеңілдік санаты бар өзге үміткерлердің мәртебесі құжат тапсыру сәтінде автоматты түрде есепке алынады.
Порталда жүктеме артқан жағдайда пайдаланушылар ағынын реттеу үшін электрондық кезек жүйесі іске қосылады. Кезек күту барысында браузер бетін жабуға немесе жаңартуға болмайды, әйтпесе пайдаланушы өз орнынан айырылады. Кезекті бақылап отырмау үшін 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарлама қызметін қосуға рұқсат етілген. Өтінім сәтті жолданғаннан кейін талапкердің жеке кабинетіне конкурсқа қатысу туралы электрондық анықтама түседі.
Конкурс қорытындысы бойынша грант иегерлерінің электрондық сертификаттары 10 тамыздан кешіктірілмей eGov.kz-тегі жеке кабинетте қолжетімді болады. Егер талапкер грант ұтып ала алмаса, оған тиісті бас тарту хабарламасы жіберіледі.
Ауқымды жоба ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, «ҰАТ» АҚ мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды.