13.07.2026, 10:00
Оқылды: 11

Әр ауылда бассейн болса, бала да шат, ата-ана да алаңсыз

Шілденің шіліңгір ыстығы басталса болды, балалардың асыға күтетін ермегі – суға шомылу. Алайда дәл осы мезгілде ата-аналардың уайымы екі есе артатыны рас. Әсіресе ауылдың іргесінде өзен, каналдар болса, баланың әрбір қадамына алаңдайтының рас. Өзен маңына барды ма екен, суға түсті ме, қасында біреу бар ма – ой сан-саққа жүгіреді-ау. Соңғы аптада бірнеше ауылдан ата-аналардың осы уайымын кеміткен жақсы жаңалықтар естілді.

7fb3b5c3-f69a-411f-a4d1-f85167e2f4b1

Айталық, Тайпақ, Мерген, Қарауылтөбе, Чапаев ауылдарында каркасты бассейндер орнатылды. «Балалар үшін» деген ниетпен жасалған бұл істердің бүтін ауылға ортақ игілік екені анық. Ең бастысы – балалар ыстықта ашық су айдындарына шаппай, осы бассейндерде шомылады.

de30f6a5-5151-46dc-9ae5-670d3307f49c

Балалардың судағы қауіпсіздігі – бейжай қарайтын мәселе емес. Осыған дейін сан мәрте таратқан ақпараттарымыздан белгілі, ауданда су айдындарының жағалары, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерді мониторинг тобы тексеріп, үздіксіз рейд жүргізуде. Шомылу маусымы  басталғалы бері қауіпсіздіктің күзетіне тұрған аудандық полиция, төтенше жағдайлар бөлімі, құтқару жасағының мамандары күн сайын өзен-көл жағалауларын тексеріп, кейбір шомылушыларға ескерту берген. Рұқсат етілмеген жерлерде суға түскендерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 18 адамға айыппұл да салынуда.

7fe69644-8841-48fc-a79b-2795dc5e44d6

Жаздың қызығын суда емін-еркін шомылусыз елестету қиын. Бірақ сол қызықтың артында қауіп күтіп тұрмасын деп тілейік, соған қамданыс жасайық. Аталған ауылдардағыдай бассейн орнатуды  өзге ауылдарда да бастамашыл азаматтар іліп әкетіп, балаларды солай қуантса, ата-аналардың алаңын азайтып, разыласа, нұр үстіне нұр емес пе?!

Әлия Серікқызы

Ақжайық ауданы

29de65ec-0c93-4544-a2e9-26faec4c8c5b

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале