Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мыңнан аса делегат қатысқан «Әділет» партиясының кезектен тыс III сиезі өтті. Осы алқалы жиын барысында қазақстандық жаңа партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. «Әділеттің» бірнеше бағытты қамтитын жоба-жоспарын осы саяси ұйым құрылғалы бері оның жұмысына белсенді атсалысып келе жатқан тұлғалар таныстырды.

Мәселен, партияның саяси кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин цифрлық даму мен жасанды интеллект технологиясына иек артудың мән-маңызын өз сөзіне өзек етті. Ол үшбу қос бағытты халық шаруашылығының барлық саласында ел-жұртқа қызмет көрсетудің сапасын арттыратын және халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдететін әрі сыбайлас жемқорлық фактілерін барынша азайтатын факторлар ретінде нақты мысалдармен атап өтті. Сонымен қатар Б. Мусин цифрлық даму мен жасанды интеллект технологиясын өрістету Қазақстанның келешегін айқындайтын басты бағыттардың бірі болғандықтан, бұл салаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып отырғандығын екпін түсіріп айтты. Ал «Өңірлер мықты болса, ел мықты» тақырыбында сөз алған Замира Кузеева қалалық елді мекендерге қоса, алысты-жақынды ауылдарды да сапалы ғаламтормен (интернетпен) қамтамасыз ету «Әділеттің» әрдайым назарында болатындығын алға тартты. Бұған қоса ол жергілікті мәслихаттардың өкілеттілігін кеңейту жөнінде де айтып өтті. «Әділ бәсекелі экономика» тақырыбымен партияластарының алдына шыққан Ренат Бектұров еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, отандық капитал ел ішінде қалу үшін отандық инвесторлардың мәртебесін (статусын) заң жүзінде айқындау, салықтық жеңілдіктерді қайта қарау, шаруашылық дау-дамайларды қылмыстық қысымға ұрындырмай заң аясында шешу, цифрлық қадағалау арқылы контрафакт және қауіпті жүк тасымалдарына тосқауыл қою, азық-түлік қауіпсіздігі мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты «Әділеттің» партиялық көзқарасын жария етті.

Лаура Қарабасова ел ішінде, халық арасында кітап оқу мәдениетін күрт жандандыру арқылы қалың бұқараның сыни ойлау қабілетін жетілдіру, академиялық адалдық, отандық инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға жіті назар аудару сықылды қадау-қадау мәселелер «Әділеттің» күн тәртібінен түспейтіндігін алға тартты. Өз кезегінде Қарлығаш Жаманқұлова «Әділет» партиясының қолөнершілерге құқықтық және экономикалық қолдау қажет деп есептейтіндігін, жастардың бизнес бастамаларына гранттық қолдауды арттыру керек деп санайтындығын және жастарға арналған ипотекалық несие мөлшерін әр облыс 1 миллиард теңгеге жеткізсе деген ниетте екендігін мәлімдеді. Ал Ирина Тен өзі туып-өскен өңірдегі Арал теңізінің аянышты тағдырын айта келіп, «Таза Қазақстан» идеясы арқылы жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өзінің партияластары әрдайым мүдделі және мұндай ортақ іске «әділеттіктер» үнемі нақты үлес қосатындықтарына сенім білдірді. Динара Зәкиева «Әлеуметтік көмекті ең алдымен нағыз зәру адамдарға көрсету керек», – дей келіп, ол осы бағыттағы қолдаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін бірыңғай цифрлық платформа қолдану қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол халықтың табыс-кірісі аз бөлігі мен мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау-қорғау мақсатында біраз жұмыс атқарылғандығын да көптің назарына ұсынды.

Сиез барысында делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын бірауыздан қолдап, партия жарғысына енгізілген өзгертулерді де мақұлдады және Құрылтай депутаттығына үміткер партияластарының тізімін жария түрде бекітті.
Сиез жұмысын қорытындылаған «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай:
– Біз бүгін алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламамызды қабылдадық. Партиямыздың бұл тұжырымдамалық құжаты – бос сөз, жалаң уәделердің жиынтығы емес. Бұл – Қазақстанның жаңа конституциялық дәуірінде атқарылатын жұмыстың ауқымын, сапасы мен сипатын анықтайтын кешенді іс-қимыл жоспары, – деді.

Іске сәт, «Әділет», атыңа затың сай болып, әлеуметтік әділеттілік үшін тура жолдан таймай, беделің биіктеп, абыройың асқақтай беруіне тілектеспіз!
Бауыржан Ғұбайдуллин,
«Орал өңірі»,
Астана қаласы