Ішкі нарықты қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі – ұзақмерзімді кепілдендірілген сұраныс тетігін енгізу. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектордың ірі компаниялары қазақстандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында жалпы сомасы 466,1 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар мен ұзақмерзімді шарттар жасасты - деп жазады Primeminister.kz.

Заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – енді барлық ірі компаниялар мен мемлекеттік органдар тауарлар мен қызметтерді тек отандық өндірушілерден сатып алуға міндетті. Бұл қазақстандық кәсіпорындар үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады. Бұрын шетелден жеткізілген бөлшектердің орнына, енді ірі шикізат компаниялары Қазақстанда жаңа зауыттардың ашылып, дамуына ықпал етіп, оларды ұзақ жылдарға тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде әрбір ірі кәсіпорын немесе ведомство айналасында жергілікті тұрақты өндірістердің берік өнеркәсіптік экожүйесі қалыптасуда.
Сонымен қатар адал бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі» мемлекеттік цифрлық жүйесі іске қосылды. Бұл платформа жалған өндірушілерді автоматты түрде анықтап, нақты өндірістік қуаттарды тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйеде 6,6 мыңнан астам компания тіркелген. Оның ішінде 4 467 кәсіпорын толық Қазақстанда өндірілген өнім шығарса, 2 146 кәсіпорын қайта өңделген өнім өндіреді.
Нақты секторды несиелендірудегі бизнестің ролін күшейту үшін Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтты. Соның нәтижесінде холдингтің кәсіпкерлікті қолдауға арналған жалпы қаржылық мүмкіндігі 8 трлн теңгеге дейін артты. Бүгінде оның 4 трлн теңгеден астамы игеріліп, 8 мыңнан астам бизнес субъектісі қолдау алды. Оның 96%-ын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Ортамерзімді кезеңде холдинг институттары арқылы қаржыландыру көлемін 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған.