Орал қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұлан әскери қызметшілері адасып кеткен бүлдіршінді дер кезінде тауып, ата-анасына аман-есен табыстады.

18 шілде күні сағат 22:10 шамасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің әскери жасағы Жеңіс шағын ауданындағы «Алтындар» супермаркетінің маңында жүрген кішкентай баланы байқайды. Әскери қызметшілер бірден баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ол туралы кезекші бөлімге хабар берген.
Сержант Алихан Бердіғалиев пен қатардағы Берікбай Төрехан уақыт оздырмай баланың ата-анасын іздестіруге кірісті. Ұландықтардың кәсіби қырағылығы мен үйлесімді іс-қимылының арқасында көп ұзамай бүлдіршіннің жақындары анықталып, ол аман-есен отбасына табысталды.
– Бұл біз үшін өте ауыр әрі алаңдатарлық сәт болды. Баламыздың осыншалықты тез табылғанына қатты қуанып тұрмын. Ұлттық ұлан сарбаздарының көрсеткен жедел көмегі үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді баланың анасы.
Ұлттық ұлан сарбаздарының қызметі қоғамдық тәртіпті сақтаумен ғана шектелмейді. Олар кез келген сәтте көмекке мұқтаж азаматтардың жанынан табылып, қырағылық пен жедел әрекеттің үлгісін көрсетіп келеді.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі