21.07.2026, 13:00
Оқылды: 29

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап “сұр“ автокөліктерге қарсы жаңа шаралар енгізілмек

Премьер-министр Олжас Бектенов 10 күн ішінде Қазақстанға автокөліктерді заңсыз әкелуге қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

A lot of cars in a rows. Used car sales.

Сурет: istockphoto.com

Үкімет басшысының айтуынша, заңсыз әкелінген автокөліктер көбінесе техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Ол кеден заңнамасының нормаларын қолданудағы олқылықтарды осының бір себебі ретінде атап өтті.

"Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, он күн мерзімде қолданыстағы заңнамалық нормалар негізінде көлік құралдарын заңсыз әкелуге жол бермеу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуі қажет", - деп мәлімдеді Олжас Бектенов үкімет отырысында.

Ол кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеудегі жаңа тәсілдер 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілуі тиіс екенін баса айтты.

 Сонымен қатар премьер қабылданып жатқан барлық шара бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Мән-жайы

Автокөліктердің "сұр" импортымен күрес тақырыбы Қазақстанда бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бұған дейін Өнеркәсіп министрлігі жекелеген компаниялар автокөліктерді жаппай әкелу үшін жеке тұлғаларды пайдаланатынын мәлімдеген болатын. Бұл заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды айналып өту мақсатында жасалады. Соның салдарынан мемлекет бюджетіне кедендік төлемдер толық түспейді, ал нарыққа заңбұзушылықтармен рәсімделген көліктер шығады.

Шілдеде Мемлекеттік кірістер комитеті де желіде тараған автокөлік әкелу алымдары өскені туралы ақпаратты теріске шығарып, қолданыстағы кедендік баждардың өзгермегенін атап өтті.

Сонымен қатар ведомство жеке пайдалану үшін автокөлік әкелу кезінде шектеу сақталатынын — жылына бір адамға бір көліктен артық емес екенін және ресімдеу кеден заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс екенін еске салды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале