21.07.2026, 15:15
Оқылды: 69

Қимылдан қуат, биден бақыт тапқан апалы-сіңлілі бишілер

Бекзат өнерді дәріптеген биші  қыздар

Би – талғам мен сезім, жан толқынысы мен ішкі көңіл күйді ырғақ, қозғалыс, өлең нақышы арқылы жеткізетін өнер түрі. Көркем әдебиеттің жаны – тіл болса, бидің тілі – адамның қимыл-қозғалысы мен кескін-келбеттің емеуріні. Кейде қалам ұшына сыймайтын бейнені бидің мың бұралған иірімдері көрерменге нақпа-нақ жеткізіп жатады. Бұған қоса, би өнері – адамды шалағай әдеттен арылтып, денсаулығына тыңғылықты болуға септеседі. Арқа, іш, аяқ бұлшықеттерін қатайтып,  сергектік сыйлап, әмсе қажыр-қайратты етеді. Бүгінде көкорай бүлдіршіндер мен албырт жастар ғана емес, жасамыс қыз-келіншектер де мың бұрала билейді. Осы орайда Орал қаласында әр жастағы әйел қауымға арнап орталық ашып, нәзік жандыларды тұрымтайдай шабыттандырып жүрген Мәдина Хангереева мен Гүлнәр Кереева есімді апалы-сіңлілі бар.  Өнері өрге тасыған дарынды қыздарды әңгімеге тартып, емен-жарқын сұхбат құрудың  сәті  түскен  еді.

15  жасынан  бастап  шәкірт  тәрбиелеген

Мәдина Хангереева бала кезінен өнерге құштар болған. Құйтымдай кезінен би өнеріне қызығып, 10 жасында №1 музыка мектебінде күйсандықты үйренеді. Атаанасы қызының бойында дарыны бар екенін байқап, Деркөл мәдениет үйіндегі спорттық бал биіне апарады. Мәдина түрлі байқаудан жұлдызы жарқырай көрінеді. Биші қыздың соңынан сіңлісі Гүлнәр мен інісі Сағындық Әлімбек еріп, балғын бала кезін өнерге арнайды. Олардың қаз-қаз басқан қадамына ата-анасы, атаәжесі қолдау білдіріп, зейінді, өнерлі болуына үлкен септігін тигізген. Өнерге деген кіршіксіз махаббаты естияркезде тәлімгер болуға жетелейді. 15 жасында балдырғандарға биден сабақ беріп, ұстаздыққа ерте шыңдалады.

2015 жылы балаларды би өнеріне баулитын «Gefest» үйірмесін ашып, өрендерді облыстық, халықаралық байқауларға қатыстырып, жүлдегер атанған.

Кәсіби жетіліп, білімі толысқаннан кейін Орал қаласында «DanceFit» фитнес би орталығын алғашқылардың бірі  болып  ашты.

– 2019 жылы биші балалардың аналары ересек адамға арнап би орталығын ашу жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Өтініштері аяқсыз қалмасын деп, Деркөлдегі үйіміздің екінші қабатын би алаңға айналдырдық. Бастапқыда жеңіл қимыл-қозғалыс пен дене шынықтыратын жаттығуларды жасатып  жүрдік. 2020 жылы әлемді Сovid-19 індеті шарпыған соң, топты таратып жібердік. Дерт саябырсып, дағдылы қалыпқа түскеннен кейін, әр алуан жастағы әйелдерді қабылдай бастадық. Келушілер саны күннен-күнге еселеніп, Орал қаласынан филиал ашып, қадамымыз құтты болды. Ең алғаш фитнес би орталығын ашқанда, қалада мұндай жоқтың қасы еді. Халықтың асыл өнерге, спортқа қызығушылығы артқаны болса керек, қатарымыз көбейіп келеді, – дейді биші.

Гүлнәр Кереева мөлдіреп тұрған бала кезінде би өнерін жақсы көріп, Дина Нұрпейісова атындағы музыка саз мектебінің хореография бөлімінде білім алады. Өнер мектебінде классикалық және халық билерін үйреніп, әртүрлі байқаудан бақ сынап, қаршадайынан өнер-білімді жанына серік еткен. Денсаулығына байланысты үш-төрт жылдай билемесе де, өнерге деген ықыласын өшірмеген. 2010 жылы Астанадағы «Шабыт» өнер орталығы ұйымдастырған кастингке  қатысып, іріктеуден сүрінбей өтеді. Бағы мен бабы қатар шапқан алғыр биші К. Байсейітова атындағы Қазақтың ұлттық өнер университінің  жанынан ашылған балет мектебіне жолдама алып, білім-білігін  шыңдайды.

WhatsApp Image 2026-07-08 at 09.22.38 (1)

– Би – мен үшін жай ғана өнер емес, ол – жан дүниемнің айнасы. Әр қимыл-қозғалыстың терең мәні бар. Көңіл түкпірдегі ұялаған ойым, сезім иірімдерім, құбылмалы көңілімді сөзсіз жеткіземін. Әпкем екеумізді биге ысылтып, шабыттандырған колумбиялық әртіс Шакираның «Hips Don’t Lie» деген мақамды өлеңі бар. Сөзбе сөз аударғанда дене, яки қозғалыс ешқашан өтірік айтпайды деген мағынада. Мұндай абстрактілі ой композитор Марат Омаровтың «Қыз сыны» атты әнінде: «...Тұрғандай өзі қимылсыз билеп» деген өлеңінде де кездеседі. Шынымен, бидің кино тілі іспеттес өзіне тән эстетикалық үні бар. Би бір сәтте әуен, өлең, музыкалық аспап, ырғақ пен қимыл-қозғалысты бір арнаға тоғыстырып, адамның көңілін жадыратады. Сондай-ақ би өнері – кісінің шырайына әр беріп, тұрпатын сымбатты етіп қана қоймай, рухани байытады. Соңғы жылдары көпшілік ортада танымал бачата биіне көңіл бөліп келемін. Астанада өткен құрылтайда Испаниядан келген бишілерден білігімді жетілдірдім. «DanceFit» фитнес би орталығы – әпкем екеуміздің маңдай тер еңбегіміздің жемісі, – деп биші Гүлнәр бидің пәлсапасын тамылжытты.

WhatsApp Image 2026-07-08 at 09.22.36

Жарасты орта

Бишілердің айтуынша, үйірмеге келушілердің ең жасы 10-да болса, үлкені 70-ті алқымдаған. Алпыс, жетпісті еңсерген әйелдер денсаулығына жіті мән беріп, шынығып, аптаның үш күнін биге қияды. Әртүрлі буын өкілінің көңілі жарасқан ортада бұзып-жарып билемесе де, хал-қадірі келгенше бұлаң қағып қозғалады. Бачата, сальса, кизомба, меренге, хип хоп, реггетон, вог, джаз, фанк және шығыс биін жаттықтырушыға  қосылып  билейді.

– Бидің қимылы үйелмелі-сүйелмелі жандардай уақыт пен кеңістікте (синхрон) үйлесімді болу керек. Ал биші бойында үйдіріп әкететін жалыны, кескін-келбетіндегі ым-ишара, келісті дене қимылын бір жерге тоғыстырып, әуезге ілесіп отырады. Биді сахнада нақышына келтіріп қою көркемдік жетекшіге ғана байланысты емес, ол – шығармашыл топтың биге деген ынтықтығы, мұнтаздай махаббаты мен иінді  машықтың  нәтижесі.

WhatsApp Image 2026-07-08 at 09.22.36 (1)

Қазір өнерде қазақ қоғамына  кештеу келген экзистенциализм бағыты басым. Яғни адам өмірдің мәнін сырттан іздемей, ішкі болмысынан табуға ұмтылады. Әжелеріміздің дәуірі, келі-келсап көтеретін заман келмеске кетті. Сол себепті қыз-келіншектер ішкі сезіміне, көңілкүйіне, дене бітіміне  жіті көңіл бөледі. Жасыратыны жоқ, әйелдер алғаш келгенде артық салмақтан құтылып, жіптіктей болып арықтау үшін келеді. Орталықта өмірдің түрлі иірімінен өтіп, қағажу көрген кісілер де бар. Жүре-жүре қатысушылар ширап, бір-бірін жақын тартып, достасып кетеді. Биге келгендердің көбі мерейі тасып, көңілі көтеріліп, өмірге көзқарасы өзгереді. Мұнда биді үйреніп қана қоймай, музыка әуезін де сезуге дағдыланады. Негізі, қыз баланың қимылы үйлесімді, нәзік, кескін-келбеті әсем болғаны жақсы. Мен қыз бала тәрбиелеп отырған анамын... Қызым би өнеріне қызықпаса да, оның билегенін қалаймын, – деді тәлімгер М. Хангереева.

Үздіксіз  ізденіс – жетістікке  жол

Би  орталығында ара-тұра қатысушылар бірлесіп, ойын-сауық кештерін ұйымдастырады. Дәстүрден жаңылмай, жақында Жастар мәдениет сарайында есеп беру кешін өткізіп, мерекелік көңіл күй сыйлаған. Биге қатысушылардың сөзінше, күнде түрлі қимыл-қозғалысты үйреніп қоймай, күйкі тірліктен бір сәт болса да жандары байыз тауып, демалып қайтады. Тәлімгерлердің күлім қаққан ажары, жалын-жігері шабыттандырып, өмірді риясыз жақсы көруге жетелейтінін айтты.

WhatsApp Image 2026-07-08 at 09.22.36 (2)

– Фитнес биге келіп жүргеніме бір жарым жылдан асты. Менің қөңілімді бірден жарқ-жұрқ еткен әртүрлі жанрдағы би баурап алды. Күні бойы жұмыстан қажығанымыз басылып, жанымыз жадырап қалады. Қос тәлімгердің қажыр-қайраты, дәйім жымиып көңілді жүретін қасиеттері ұнайды. Адамды зеріктірмейді. Биге келгелі дене бітімім сымбатты, ширақ қозғалатын болдым, – деді биге қатысушы Алида Хабиева.

WhatsApp Image 2026-07-08 at 09.22.37

Сондай-ақ бидің денсаулыққа тиер мол пайдасын көріп, сол үшін жұмыстан кейін барлық шаруасын ысырып, жаттығуды қалдырмайтын Нұргүл Мұхатова қуанышын  жасырмады.

WhatsApp Image 2026-07-08 at 09.22.38

– Мәдина Өнербекқызы орталықты 2022 жылы ашты. Мен сол уақыттан бастап биге үзбей барып жүрмін. Алғаш келгенде адамдардың арасында билеуге ұялып, қысылатынмын. Бірте-бірте ортаға үйреніп, еркін болуға ұмтылдым. Біз билегенде тек қимылдап қана қоймай, бойымыздағы батпандай қалжыраудан арылып, күпті көңіліміз көтеріліп қалады. Биыл тәлімгеріміз Мәдина екі айға орталықты уақытша жапқанда,  жантәнім биді аңсап, сағынып тұрды. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тура айтылған сөз бар. Үлкейіп, кексе тартқанда ағзаны дәрімен уламай, мықынға май жинамай, аяқ-буының сырқырамауының бір жолы – осы спорттық би. Айналамдағы адамдарға бірсарынды тірші-лік кешпей, биге келу керек-тігін әркез айтып жүрмін, – деді  Нұргүл  Мақсотқызы.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале