23.07.2026, 18:00
Оқылды: 4

Енді мұғалімдерге мерекелерде сыйақы берілуі мүмкін 

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтің педагогтерге ресми мерекелерде арнайы сыйақы төлеу туралы пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осыған байланысты ол өзінің ресми парақшасында түсінік білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақша JP 111

Сурет: сайт архивінен

Айта кетсек, бұған дейін комитет басшысы "мұғалімдер әр мерекеде премия алатыны" жайлы мәлімдеме жасаған болатын. Кейін бұл мәселе мұғалімдер арасында қызу талқыланып, сыйақы алмайтындары жайлы пікірлер айтылды.

Қаныбек Жұмашевтің айтуынша, педагогтердің мерекелік ынталандыру төлемдеріне қатысты пікірлері сын немесе дау ретінде емес, мұғалімдерді қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған қоғамдық сұраныс ретінде қарастырылуы тиіс.

Оның сөзінше, бұл ұсыныстар жергілікті атқарушы органдар мен білім беру саласындағы уәкілетті құрылымдарға педагогтерді ынталандырудың тиімді жолдарын зерделеуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктері шеңберінде педагогтерге мерекелік ынталандыру төлемдерін енгізу мәселесін қарастыру, осы бағыт бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ педагогтердің кәсіби қызметін қолдауға бағытталған өңірлік бағдарламаларды іске асыру мүмкіндіктерін бағалау қажет, – деді комитет төрағасы.

Ол педагог еңбегін бағалау тек моральдық қолдаумен шектелмеуі керектігін атап өтті.

Педагогтерді ынталандыру – бір реттік шара емес, мұғалім мәртебесін арттыруға, білім беру сапасын жақсартуға және сала мамандарына тұрақты қолдау көрсетуге бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі, – деді Қаныбек Жұмашев.

Комитет төрағасының айтуынша, өңірлерде педагогтерге пәтер кілтін табыстау, үздік ұстаздарға қаржылай қолдау көрсету тәжірибесі қалыптасқан. Ендігі міндет – мұндай қолдау тетіктерін күшейтіп, әртараптандыру. Сондай-ақ кейбір бастамаларды нормативтік-құқықтық актілермен бекіту қажеттігі де қарастырылуы мүмкін.

Алдағы уақытта осы бағытта нақты шаралар қабылдау қажеттігі біз үшін түсінікті болды, – деп түйіндеді ол.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале