Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы Мұрат Сейілбекұлы Жаңақала ауданына іссапармен келіп, заңнамалық жаңашылдықтар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және жас мамандарды қолдау мәселелері бойынша кездесулер өткізді.

Алғашқы жиында «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасына баса назар аударылды. Сондай-ақ Надежда Тасмағанбетова мемлекеттік қызметші әдебі мен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік туралы баяндап, қызметтік көліктерге арнайы белгілер жапсырылды.
Іссапар «Адал азамат – әділетті қоғамның тірегі» атты жастармен кездесуге жалғасып, GPA көрсеткіші 3.33-тен кем емес түлектердің конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасқаны және Өңірлік жастар кадр резервінің нәтижелері сөз болды. Шара барысында мемлекеттік салада адал қызмет етіп жүрген жастардың ата-аналарына алғысхаттар табысталды.

Рухани-мәдени бағыттағы шара кітапханада жалғасып, онда мемлекеттік қызметшілер «Мені өзгерткен бір кітап» айдарында ой бөлісіп, жастар мен аға буын арасында «Жоспарлы экономика мен нарықтық экономиканың тиімділігі» тақырыбында интеллектуалды дебат ұйымдастырылды.

Айгерім Төлепова,
Жаңақала ауданы