Орал қаласында IT-кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Startup Orda өңірлік инкубациялық бағдарламасының жаңа легіне өтінім қабылдау басталды. Бағдарлама кез келген ниет білдірушіге, тіпті дайын идеясы болмаса да, небәрі үш ай ішінде өзінің технологиялық стартабын іске қосуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның басталуы қыркүйек айына жоспарланған. Биыл Орал қаласы Қонаев, Шымкент және Семей қалаларымен қатар Startup Orda бағдарламасы жүзеге асырылатын төрт өңірдің қатарына енді. Бағдарламаға 16 жастан асқан кез келген азамат қатыса алады. Қатысу толықтай тегін.
Startup Orda бағдарламасы Batys Hub базасында офлайн форматта өтетін қарқынды оқыту бағдарламасын ұсынады. 90 күн ішінде қатысушылар идеядан бастап ең төменгі өміршең өнімді (MVP) әзірлеуге дейінгі жолдан өтеді, тәжірибелік воркшоптарға қатысады, трекерлер мен салалық сарапшылардың жетекшілігімен жұмыс істейді, бизнес-модель құру және гипотезаларды тексеру құралдарын меңгереді.
Білім беру бағдарламасынан бөлек, қатысушылар Batys Hub инфрақұрылымына, соның ішінде коворкингтегі жұмыс орындарына тегін қол жеткізеді, сондай-ақ тәжірибелі трекерлердің жеке сүйемелдеуіне ие болады. Сарапшылар идеяның өміршеңдігін бағалауға, мақсатты аудиторияны анықтауға, өнімді жетілдіруге және оны нарыққа шығаруға дайындауға көмектеседі.
Орал тұрғындары үшін бұл бағдарлама өз идеясын технологиялық жобаға айналдырып, оны ұлттық әрі халықаралық нарыққа шығару мүмкіндігіне жол ашады.
Өтінім қабылдау басталып кетті және 23 тамызды қоса алғанда жалғасады.
«Startup Orda бағдарламасының ерекшелігі – біз дайын кәсіпкерлерді күтпейміз, оларды нөлден бастап қалыптастырамыз. Бұл жай ғана білім беру бағдарламасы емес, қысқа уақыт ішінде тәжірибе, қателермен жұмыс және трекерлермен тұрақты өзара іс-қимыл арқылы стартап негізін қалаушының ойлау жүйесін қалыптастыратын орта. Үздік командалар өз жобаларын Астанада өтетін Demo Day алаңында таныстырып, сондай-ақ халықаралық серіктес хабтардың біріне іссапарға бару мүмкіндігіне ие болады», – деді Astana Hub өңірлік даму офисінің директоры Нұржан Сағындық.
Startup Orda бағдарламасының түлектері бағдарламаны аяқтағаны туралы сертификат алады. Бұл сертификат QazInnovations гранттарына өтінім беру кезінде талап етілетін міндетті құжаттардың бірі болып табылады. Сонымен қатар бағдарламадан өту Astana Hub акселерациялық бағдарламаларына, гранттық конкурстарына және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған өзге де бастамаларға қатысу үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Бағдарламаның тиімділігі оның түлектерінің жетістіктерімен дәлелденіп отыр. Мәселен, Қызылорда қаласының Cortex AI стартапы Digital Qazaqstan Battle 2026 байқауында екінші орын алып, 5 миллион теңге көлемінде жүлде иеленді. Жоба трансплантацияланған бүйректің қабылданбай қалу қаупін болжайтын клиникалық шешімдерді қолдауға арналған жасанды интеллект жүйесін ұсынады.
Тағы бір табысты мысал – Қостанай қаласының EpiQ AI жобасы. Startup Orda 2025 түлегі Диана Майлыханованың жобасы зертханаларға сатып алуды жоспарлауға және бақылауға, реагенттердің шығынын талдауға, сондай-ақ қажетті материалдарға деген сұранысты болжауға көмектеседі. Қазіргі уақытта команда Қостанай облысындағы үш зертханамен шешімді пилоттық енгізу туралы келісімдерге қол қою кезеңінде.
Startup Orda бағдарламасы жаңадан бастаған кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие екенін дәлелдеді. Алдыңғы легінің қорытындысы бойынша бағдарламаға еліміздің түкпір-түкпірінен 752 өтінім түсіп, 205 команда оқуды сәтті аяқтады.
Бүгінде Startup Orda бәсекеге қабілетті IT-жобалардың пайда болуына жағдай жасап, Қазақстанның Орталық Азиядағы қарқынды дамып келе жатқан инновациялық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайта отырып, технологиялық кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастырып келеді.
Бағдарламаға 16 жастан асқан, ЖСН-і және электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар кез келген азамат өтінім бере алады. Қатысу үшін технологиялық жоба идеясы, әзірлеудің бастапқы кезеңіндегі стартап немесе дайын MVP болғаны жеткілікті.
Анықтама үшін: Startup Orda – Қазақстан өңірлерінде технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Astana Hub өңірлік инкубациялық бағдарламасы. Бағдарлама жаңадан бастаған стартап негізін қалаушыларға идеядан алғашқы өнімге дейінгі жолдан өтуге, сарапшылық қолдау алуға, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және инвестиция тартуға дайындалуға көмектеседі. Оқу қорытындысы бойынша үздік командалар өз жобаларын Астанадағы Demo Day алаңында таныстырып, Astana Hub экожүйесінде одан әрі даму мүмкіндігіне ие болады.
Batys Hub инновациялық орталығы