5.08.2026, 11:00
Оқылды: 25

Қазақстандықтарға демалыс алдындағы маңызды ереже туралы ескертілді

Демалыс маусымы қызған шақта шетелде демалуды жоспарлаған қазақстандықтарға ұшар алдында TourCode-тың бар-жоғын тексеру қажеттігі ескертілді. "Туристік Қамқор" қорының мәліметінше, бұл код тур Қазақстан туристеріне кепілдік беру жүйесінде тіркелгенін және оның қорғауында екенін растайды, деп хабарлайды Tengri Travel.

жп самолет
Сурет: сайт архивінен 
Қор өкілдері мұндай тексеріс небәрі бірнеше минутты алатынын, алайда күтпеген жағдай туындағанда оның маңызы зор болуы мүмкін екенін атап өтті.

TourCode деген не және не үшін қажет?

Қор турист ұшар алдында сатып алынған тур туристерге кепілдік беру жүйесінде тіркелгеніне және оған TourCode берілгеніне көз жеткізуі тиіс екенін түсіндірді.

 "TourCode сіздің турыңыз кепілдік беру жүйесінің қорғауында екенін растайды. Күтпеген жағдай туындағанда, жүйе қолданыстағы заңнамаға сәйкес туристердің Отанына оралуын қамтамасыз етеді", - деп хабарлады қор.

Сонымен қатар ұйым егер туроператор туристерді Қазақстанға қайтару бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаса, TourCode жүйе әкімшісінен көмек сұрауға негіз болатынын атап өтті.

TourCode-ты қайдан тексеруге болады?

Қор өкілдері TourCode-тың бар-жоғын бірнеше жолмен тексеруге болатыны айтты:

  • "Туристік Қамқор" ресми сайтында;
  • TourCode мобильді қосымшасы арқылы;
  • Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Атырау әуежайларында орналасқан ақпараттық стендтерде.

Сонымен қатар тур рәсімделгеннен кейін турист өз бетінше TourCode-тың тізілімге енгізілгенін тексере алады. Ол үшін жүйе сайтының басты бетіндегі "Туркодты тексеру" бөлімін пайдаланып, алынған кодты енгізу қажет.

"Жүйе сіз турлар тізіліміне енгізілген-енгізілмегеніңізді көрсетеді. Туркодыңыздың тізілімге енгізілуі - аталған туроператорда қиындықтар туындаған жағдайда сіздің Қазақстанға қайтарылуыңызға кепілдік берілетінін білдіреді", - деп түсіндірді қордағылар.

Тур сатып алу кезінде не нәрсеге назар аудару керек?

"Туристік Қамқор" жолдаманы сатып алмас бұрын туристік агенттік пен туроператордың кепілдік беру жүйесі аясында жұмыс істейтініне көз жеткізуге кеңес берді.

Атап айтқанда, туристерге келесі әрекеттерді орындау ұсынылды:

  • туристік агенттікті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар тізімінен таңдау;
    туроператордың жүйе қатысушысы екенін және тиісті тізілімге енгенін тексеру;
  • шарт талаптарымен мұқият танысу;
  • шартта TourCode міндетті түрде берілуі қарастырылғанына көз жеткізу;
  • тур рәсімделгеннен кейін сапардың әрбір қатысушысына TourCode берілгенін тексеру.

Қор өкілдері TourCode-тың болуы ғана турдың кепілдік беру жүйесінде тіркелгенін растайтынын атап өтті.

Егер TourCode берілмесе не істеу керек?

Егер тур сатып алғаннан кейін турист TourCode алмаса немесе өзін тізілімнен таппаса, қор жүйе әкімшісіне хабарласуды ұсынады.

Мұны ресми сайттағы "Туркодты тексеріңіз" бөлімін және "Менде тур коды жоқ" батырмасын таңдау арқылы немесе TourCode мобильді қосымшасы арқылы жасауға болады. Сондай-ақ қосымшада қонақүйге орналасуда қиындықтар туындағанда, Қазақстанға оралу мүмкін болмағанда немесе туристік агенттік жүйе тізімінде болмаған жағдайда жүгінуге арналған бөлімдер бар.

"Жүйе әкімшілігі бұл жағдайды шешуге көмек көрсетеді", - деп атап өтті қор өкілдері.

Сондай-ақ ұйым турлар мен TourCode тізілімдерінде туристің жеке деректерінсіз тек паспорт нөмірі көрсетілетінін қосып өтті. Ақпаратқа турөнімді қалыптастырған туроператор, оны сатқан турагент және туристің өзі ғана қол жеткізе алады. Ақпарат уәкілетті мемлекеттік органға тек жазбаша сұрау салу бойынша берілуі мүмкін.

TourCode қашан беріледі?

Қор өкілдері TourCode әдетте ұшуға бір-үш күн қалғанда берілетінін нақтылады. Бұл ретте егер тур құны толық төленген болса, турист оны турагенттіктен алдын ала сұрата алады.

Ұйым қазақстандықтарды TourCode-ты тексеруді соңғы сәтке қалдырмауға шақырды.

"TourCode-ты ұшар алдында тексеріңіз, бұл небәрі бірнеше минутты алады, бірақ саяхат кезінде сіздің қауіпсіздігіңіздің маңызды кепілі болады", - деп түйіндеді қордағылар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі туристерге жолдама сатып алмас бұрын құжаттарды мұқият тексеруді ескерткен болатын. Ведомство туристік агенттіктің ресми тіркелгеніне көз жеткізуді, туристік қызмет көрсету шартына қол қоюды және төлем жасағаннан кейін кассалық чекті алуды ұсынды.

Тур расталып, оның құны толық төленгеннен кейін туриске ваучер, әуебилеттер, сақтандыру полисі және TourCode кіретін құжаттар топтамасы берілуі тиіс. Министрлік осы TourCode шығу туризмі саласындағы азаматтардың құқықтарына міндетті кепілдік берудің қолданыстағы жүйесі аясында туристі қорғаудың кепілі екенін атап өтті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале