
Бүгінде еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 1 251 маман үкіметтік емес секторда жұмыс істейді.
Әлеуметтік қызметкерлердің 55,5 пайызы ауылдық жерде, ал 44,5 пайызы қалаларда еңбек етеді.
Олардың басым бөлігі – 9 532 маман арнайы әлеуметтік қызметтерді азаматтардың үйіне барып ұсынады. Бұдан бөлек, 1 020 маман стационарлық ұйымдарда, 998 маман жартылай стационарлық мекемелерде, ал 451 маман уақытша болу ұйымдарында қызмет атқарады.
Министрлік кадрлардың кәсіби даярлығына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда 6 410 әлеуметтік қызметкер жоғары білім алған. 3 633 маманның техникалық және кәсіптік білімі, 1 833 маманның орта білімі бар. Сонымен қатар 125 маман магистр дәрежесіне ие.
Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру үшін министрлік «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саладағы өзге де кәсіптер» және «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар» атты кәсіби стандарттарды бекітті. Бұл құжаттар мамандардың білімі мен кәсіби дағдыларына қойылатын қазіргі талаптарды айқындап, саланың дамуына негіз қалайды.
Мамандардың біліктілігін жетілдіруге де ерекше назар аударылуда. Enbek.skills білім беру платформасында бүгінге дейін 12 мың әлеуметтік қызметкер оқудан өтті. Бағдарламаға кейс-менеджмент, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл, қызмет алушыларды цифрлық сүйемелдеу және инклюзивті тәсілдерді қолдану бағыттары енгізілген.
Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби әлеуетін нығайту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып, қолдауға мұқтаж азаматтардың қажетті көмекті дер кезінде алуына ықпал етеді.